Мұрны сынып, аяқ саусақтары бүгілмей қалған «Маугли» қызды еріктілер өлімнен арашалап қалды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасай отырып.
Қарағандылық ерлі-зайыпты төрт жасар бүлдіршінді күні-түні ұрып, өздерінен қалған жуындымен тамақтандырған. Өлшемі кіші аяқ киімнен саусақтары бүгіліп, мүлде жазылмай қалған.
Араққа салынған анасы мен бірге тұратын ер адамнан әбден қорлық көрген бүлдіршін еріктілерге жалынып, өзін үйге қайтармауын сұраған. Баланы басынып, бас-аяғынан сау жер қалдырмаған ерлі-зайыптылар еріктілердің «қыздарыңыз қайда» деген сұрағына селқостық танытып, еш селк етпеген. Өйткені екеуі де удай мас.
«Біз екінші күн қатарынан келіп, ата-анасымен тілдесіп жүрміз, бірақ олар жауап бергендерін міндетсініп отыр»,- дейді еріктілер.
Өз отбасы өзегінен тепкен қыз бала үйінде «Маугли» секілді өмір сүрген. Қатты целлофанның үстінде ұйықтап, үлкендерден қалған жуындыны ішіп-жеген. Іші лас, сасық иіс мүңкіген баспанада тұрып жатқан бүлдіршін туралы еріктілерге куәгерлердің бірі хабарлаған екен. Баланы көрген олар, баланы бірден алып кетіпті.
«Анасы Наташаға барып, «баланы неге ұрасыңдар» деп сұрағанмын. Ол қызының қан қысымы бар екенін айтып, ақталды. Бүлдіршіннің аяқ киімі кіші өлшемде болғандықтан, аяқ саусақтары бүгіліп қалған. Шашын тараған кезде басым аурады деп жылады. Тамағы ісіп кеткен. Тілі әбден тістелген. Мұрны сынғандықтан, ұйықтағанда аузымен демалады. Біз бұл жайттардың барлығын полицияға хабарладық. Барлығы заң жүзінде іске асырылды.»,- дейді Виктория есімді ерікті.
Ал тұрмысы төмен отбасының көршілері болған жайттан бейхабар. Қорлық көрген қызды да, оның анасын да көрмейміз дейді. Олардың айтуынша, олар үйінен шықпайды-мыс.
Бүлдіршін балабақшаға бармайды. Ерлі-зайыптылар бұдан бұрын қылмыс жасап, жауыздық көрсету дерегімен көзге түспеген. Қарағанды қаласының білім бөліміндегілер бұл жайтты ести сала, қыз баланың отбасы мүшелерімен сөйлесіп, істің ақ-қарасын анықтап жатқанын айтты.
Қалалық білім бөлімі қорғаншылық және қамқоршылық секторының меңгерушісі Әсем Еришова:
«Қазір мен жіберген арнайы маман аталған отбасының үйінде. Қыздың анасы жайтқа қатысты түсініктеме жазып берді. Ал полиция департаментіндегілер бұл отбасы мүшелерінің бұрын істі болмағанын айтты. Баланы біз Теміртау қаласының кәмелет жасына толмағандарға арналған орталығына жібереміз. Онда оған психологиялық көмек көрсетіледі. Анасына әкімшілік жаза қарастырылатын болады.»,- дейді.
Баласына қорлық көрсеткен әйел аналық құқығынан айырыла ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Мамандар қазір отбасының әлеуметтік жаңдайын анықтап, қыздың нақты кімнен және қашан зәбір көргенін дәлелдемек.
Пікір қалдыру