Арыс қаласындағы апатты жағдайды көзбен көрген Әйгерім Уәлиева Qamshy.kz ақпарат агенттігіне жарылыс оқиғасы туралы пікір білдіріп, біршама ақпарат берді.
"Біз жарылысты көзбен көрдік. Үйдің іші дірілдеп, терезелер сынды. Желіде 2 адам қайтыс болды деп жатыр. Бірақ, бұл – халықтың пікірінше, мүлдем жалған ақпарат. Жолда көлік астына түсіп кетіп жатқан балалар болды. Жан-жақтағы қала тұрғындарының айтуынша, 1000-нан астам адам қайтыс болды. Бірақ мұны нақты факт деуге келмейді. Жолдасымның туыстары жағынан, өзімнің туыстарым жағынан із-түссіз кеткен адамдар бар. Өлі-тірісін білмейміз", - дейді оқиға куәгері.
Әйгерім Уәлиеваның айтуынша, жол-көлік кептелісі сұмдық болған. Шымкентке бір жарым сағатта жететін жұрт кеше он сағатқа жақын уақытта әзер ілініпті.
Радиация болмады деген факт – өтірік
"Қалада алғаш жарылыс болған кезде мұрынымызға күлімсі иіс келді. Ал гарнизон қаладан алты-жеті шақырым алыста тұр. Ыстық леп соқты. Бұл радиация ма, басқа білмеймін. Бірақ біз Шымкентке кетіп бара жатқан кезде, Арыс қаласынан отыз шақырымдай ұзағанда да снарядтар көлік айналасына түсіп жатты", - дейді ол.
Арыстықтар паналаған Ақадыр да өртенді
Қалада жарылыс болған сәтте тұрғындар шаһар сыртына қарай қашты. Жоталарға шыққан олар Ақадыр деген жерді мекендеген. Адамдарды эвакуациялап бол берген сәтте дәл сол Ақадырға снаряд түсіп, өртке ораныпты. Абырой болғанда ол жерден зардап шеккендер жоқ.
Халық наразы
Арыстағы жағдай туралы пікір берген куәгер Әйгерімнің айтуынша, халықтың басым көпшілігі интернеттегі жаңалықтарға, нақты сандарға көңілдері толмайды. Олардың ойынша, барлық фактілер кішірейтіліп берілуде. Сондай-ақ, эвакуацияланған адамдар арасында митинг ұйымдастыруға талпынып жүргендер де бар.
Ескерту!
Qamshy.kz ақпарат агенттігі куәгер сөзін айна-қатесіз берді.
Пікір қалдыру