Дмитрий Верхотуров: Ресей мен Қытай әскерлері Қазақстанды басып алады

/image/2019/06/27/crop-9_36_1241x1885_ap_19093465201514.jpg

«Мәскеу барлық болжамдарды жан-жақты қарастырып жатыр. Солардың ішіндегі ең қолайсыз сценарийдің бірі - Украинадағы майданға ұқсас жағдай Қазақстанда да қайталануы мүмкін деген болжам», - деп мәлімдеген болатын жазушы Дмитрий Верхотуров ИА REGNUM сайтына берген сұхбатында.

Евгения Ким: –Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізуде қандай ерекшеліктері бар?

Дмитрий Верхотуров: – Қазақстанның жаңа басшысы көпвекторлы сыртқы саясатты екі себепке байланысты жүргізеді.

Біріншісі – ол бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолын жалғастыратынын бірнеше рет мәлімдеген болатын. Екіншіден – ол өте тәжірибелі дипломат және Қазақстанның Ресей, Қытай немесе Еуропа сынды сыртқы күштердің тек біреуіне ғана жүгіне алмайтынын жақсы түсінеді. Мемлекет барлық сыртқы серіктестерге тәуелді. Сол себепті президент қарым-қатынас орнатудың тұтастай жүйесін қалыптастырады.

Евгения Ким: – Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасындағы қарым-қатынаста бірқатар шешілмеген мәселелер болды. Мысалы, Қырымға қатысты Қазақстанның ұстанымы әлі күнге дейін түсініксіз. Ары қарай екі ел арасындағы диалогты жалғастыру  қаншалықты маңызды?

Дмитрий Верхотуров: – Мәскеудің жаңа президентке жеткізер уәжіне қатысты айтар болсақ, бұл мәселені бірнеше бөлімге бөліп қарастыруға кеңес беремін.

Бірінші бөлім, Қырым мен Қазақстанның ұстанымына байланысты. Әлбетте, Мәскеудің ойынша, Нұр-Сұлтан ең жақын серіктес ретінде Қырым Ресейдікі екенін мойындауы керек еді. Алайда жағдай толық анықталмағандықтан, Кремльдегі кейбір топтарды бұл мәселе алаңдатпай қоймайды.

Сол себепті мынадай заңды сауал туындайды: Егер екі ел арасындағы жағдай қазіргіден ушығып кетсе, Қазақстан кімнің жағына шығады? Қырымдағы жағдайға байланысты ЕАЭО, ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйым) және ШЫҰ (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы) бойынша серіктес мемлекет үнсіз қалуды жөн көрді. Қазақстан сол сәтте өз міндеттерін орындай ала ма немесе басқа міндеттерді сылтаурата ма, бәлкім сырттан бақылап қана отыратын болар?

Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасындағы қазіргі қарым-қатынаста түсініспеушілік бар. Алайда Ресей басшылығы, әрине, қазақстандық биліктің ұстанымын түсінуге тырысады.

Басқа мәселелерге ойысатын болсақ, 30 - жылдардағы ашаршылық және Қазақстанды латын әліпбиіне көшіру тақырыбын көтеруін Украинадағы оқиғалармен салыстыруға болады.  Өйткені Киевтегі майдан «аштық» тақырыбынан басталған. 2000- жылдары көтерілген мәселе 10 жылдан кейін шыңына жетті. Бұл тақырып майданның дамуының идеологиялық негізі болды.

Мәскеу барлық нұсқаларды қарастырып жатыр. Солардың ішіндегі ең қолайсыз сценарийдің бірі Украинадағы майданға ұқсас жағдай Қазақстанда да қайталануы мүмкін деген болжам.

Латын әліпбиіне көшу, әлбетте, мемлекеттің ішкі саясаты. Бірақ, бұл жағдайдың өзі Қазақстан Ресеймен одақтасқысы келмейді деген ой туындатуы мүмкін.

Евгения Ким: – Мәскеу мен Нұр-Султан арасындағы қарым-қатынастың өзгеруін қандай белгілер арқылы анықтауға болады?

Дмитрий Верхотуров: – Ақпараттық кеңістікте Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жағдайын ішінара көрсете алатын бірнеше тақырып бар.

Олар – Қырым, Сириядағы соғыс, «ашаршылық», латынға көшу. Осы тақырып аясында тарап жатқан ақпараттарды негізге ала отырып, Мәскеу тарапы Қазақстан одақтас мемлекет ретінде сын сағатында жалтаруы мүмкін деген шешім шығарары анық. Бұл Нұр-Сұлтанның сенімсіз серіктес болып қала беретіндігін білдіреді.

Евгения Ким: – Қазақстанның бұл позициясы қазіргі қатынастарға немесе Ресейдің мүддесіне нақты зиянын тигізе  ме?

Дмитрий Верхотуров: –Тұтастай алғанда жоқ. Бірақ екі ел арасындағы қатынасқа салқынын тигізуі мүмкін.

Евгения Ким: – Қазақстанның жаңа президенті осы мәселелерді ретке келтіре ала ма?

Дмитрий Верхотуров: – Егер қаласа, реттей алатыны анық. Ол өте ақылды дипломат және келісімге келе алатын қасиеті бар.

Дегенмен, мен оның  не істей алатынын, не айтқысы келетінін болжауға тырыспаймын. Қырым мәселесі екіжақты екенін түсінуіміз керек. Бір жағынан, Ресейдің Қырымдағы Мәскеу ұстанымына ашық көзқарас білдіру Қазақстанға тиімсіз. Екінші жағынан, егер Қазақстан Ресейді қолдаса, онда ол АҚШ пен Еуропалық Одақ елдерінің «санкцияларына» ұшырауы мүмкін. Бұл ауыр жағдай.

Мұндай жағдайларда бейтарап орынды иелену өте қиын. Егер Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені көтерсе, барлық тараптың тілектерін қанағаттандырып, ешбір шығынға ұшыратпай Қазақстанның ұстанымын түсіндіру үшін дипломатиялық қабілет қажет болады.

Евгения Ким: – Қазақстан президенті Қытаймен ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келеді, бұл Қытай серіктестігіне қалай әсер етеді?

Дмитрий Верхотуров: –Иә, Қазақстан Тоқаевтың басшылығымен Қытай тарапына бет бұруы мүмкін. Бұл тек Президенттің жеке қалауымен ғана емес, сондай-ақ кейбір объективті себептерге сәйкес туындайды. Мысалы, сауда-экономикалық сектордың өсу қарқынының көрсеткішіне байланысты.

Евгения Ким: – Қытай мен Қазақстан серіктестігі Мәскеу үшін тиімді ме?

Дмитрий Верхотуров: Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына қатысты сөз жүзінде келіспеушілік болуы заңды. Бірақ, Ресей мұндай мәселеге түсіністікпен қарайды. Біріншіден, бұл мәжбүрлі серіктестік, ал екіншіден – Ресей де  Қытаймен қазіргі таңда одақтас және әлемдік ахуал серіктестікке ықпал етіп отыр.

Дегенмен, бұл одақтастық ресми түрде айтылмағанмен, оның бары рас. Сондықтан Қазақстанның Қытайға қатысты саясатын түсінуге болады.  

Евгения Ким: – Мәскеу қандай жағдайда Қазақстанға қаталдық танытуы мүмкін?

Дмитрий Верхотуров: – Егер Қазақстан арадағы қатынасты үзіп, АҚШ және Батыс елдерімен одақтасқан жағдайда.

Иә, бұл жағдай барлығы үшін жақсы аяқталмауы мүмкін. Әскери шабуылдарға дейін барады. Бұл өте қауіпті. Және тек Батыспен ғана қарым-қатынас орнатуды ұсынып жүрген ұлтшыл-патриоттар мұның арты неге апарып соқтыратынын білмейді. Шындығына келгенде, бұл мәселе Ресей мен Қытай әскерлерінің  Қазақстанды басып алуымен аяқталады.

Неге барлығы қиын деп сұрауыңыз мүмкін? Иә, өйткені Түрікменстаннан Қытайға дейінгі негізгі газ құбыры («Орталық Азия - Қытай» газ құбыры үш бағыттан тұрады және Түркіменстан, Қазақстан және Өзбекстан арқылы жүзеге асырылады) Қазақстан аумағынан өтеді. Соған сәйкес, Қазақстанда Америка әскері пайда болса, бұл Ресей мен Қытайдың қауіпсіздігіне елеулі соққы беретіні анық. Және бұл жағдайда Мәскеу мен Пекиннің жауабы белгілі.

Бұл айтуға болмайтын әскери-саяси талдау, бірақ бұл жағдайды әрдайым назарда ұстау керек. Сондықтан, Қазақстанның латынға көшіп, басқа әріптермен жаза бастасақ, «батыс» болып кетеміз деп ойлауы өте күлкілі. Жағдай ушығып кетсе, Ресей мен Қытайдың басып алуына апарып соқтыруы мүмкін.

Атап өтейін, бұл қолайсыз болжам Қазақстан қазіргі сыртқы саясатын күрт өзгерткен жағдайда ғана болады. Сол уақытта Ресей мен Қытайдың одақтасы болып саналатын Қазақстан соғысқа дайындалып, ресейлік немесе қытайлық әскери танктердің арасында таңдау жасауына тура келеді. Оларға қайсысы ұнайтынын мен нақты білмеймін.

 Р.S. Верхотуров Дмитрий Николаевич – тарихшы, 20-дан астам кітап пен көптеген мақалалардың авторы. ХХ ғасырдың жоспарлы және әскери экономикасын зерттеген. «Ашаршылық. Ұлы ашаршылықтың тарихы», «Сталиндік индустриализация», «Сталиндік ұжымдастыру: Нан үшін күрес», «Үшінші Рейхтің жерасты зауыттары» және т.б. еңбектердің авторы. Қазір халықаралық әскери-саясатқа талдау жасаумен айналысып жүрген сарапшы. Ең көлемді еңбегінің бірі «Ресей НАТО-ға қарсы: Ықтимал соғысты талдау» деп аталады.

Сұхбат ИА REGNUM сайтынан аударылды

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар