Сағат 10.00-де басталып екі сағат болған митингке билік рұқсат берген. Оған шамамен 200-ден аса адам жиналды.
Жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеген белсенділер "бейбіт митинг үшін биліктен рұқсат сұрамау керек және оны белгілі бір орында ғана өткізу халықтың заңдық құқығын шектеу" дегенді айтты.
Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы халықтың өз құқығын талап етуді үйренуі қажет екенін айтты. Ол Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа:
"Ақсақал, 30 жыл бойы халық мойнына мініп келдіңіз. Енді халық мойнынан түсіңіз, биліктен толық кетіңіз. Өзіңізбен бірге билік қолшоқпары болған Ішкі істер министрі, өзге де шенеуніктерді алып кетіңіз",- деді.
Рысбек Сәрсенбайұлынан басқа сөйлеген белсенділер де "Назарбаевтың биліктен біржолата кетуін" талап етті.
Олар экс-президенттің "билікке жармаспай", қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елді басқаруға кедергі келтірмесін" деген талап қойды.
Ал митингті ұйымдастырушылардің бірі Әлнұр Ильяшев қатысушылардан "митинг өткізуге рұқсат қажет емес" деген тақырыпта ғана сөйлеуін өтінді.
Митингке екі сағат уақыт қана берілген. Сондықтан қатысушылар бір-біріне ойын қысқа да нұсқа жеткізуді, бір-бірін қайталамауға шақырды.
"Ақиқат" ЖСДП-ның жетекшісі Ермұрат Бәпи "билік белсенділерге митинг өткізуге рұқсат берсе де, басқалардың құқығын шектеп отырғанын" айтты.
–Билік мына жерде бізге митинг өткізуге рұқсат берді, бірақ "Сарыарқа" базарында сауда жасайтындардың құқығын шектеді. Оларға бүгін базарда сауда жасауларына тыйым салынған. Бұл – халықтың құқығына қол салу", - деді Ермұрат Бәпи.
Сонымен қатар, қатысушылардың барлығы биліктен Арон Атабек, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев және тағы да басқа "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті.
Пікір қалдыру