Қызылорда облысының балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектер Шығыс Қазақстанға қонаққа келді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балақайларды мұнда танымдық жазғы демалыс күтіп тұр деп хабарлайды .
– Бұл игі шара облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынып отыр. Қызылорда өңірінен келген оқушылар біздің облыста 10 күн болады. Осы уақытта олар Шығыстың киелі жерлерімен танысып, тарихи орындарды көзімен көреді. Сондай-ақ балалар үшін мерекелік шаралар, ойын-сауық бағдарламаларын өткізу де қарастырылған. Алғашқы сапар Күршім ауданынан басталады, – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Басқарма басшысының айтуынша, былтыр шығыс-қазақстандық балалар үйінің тәрбиеленушілері Қызылорда облысына барып, Сыр елінің қонақжайлығына тәнті болып қайтқан еді. Ал Шығыс жұрты өткен жылы Ақтөбе облысынан келген қонақтарды қарсы алған еді.
Танымдық демалыс мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта апат болған Арыс қаласынан 300 бала Шығыс Қазақстанның жазғы лагерлерінде демалып, өңірдің киелі жерлерін аралайды.
Пікір қалдыру