Маңғыстау облысында ауылдық жердегі әйел кәсіпкерлерге арналған оқыту семинары өтті

/image/2019/07/04/crop-29_73_791x1324_i.jpg

Маңғыстау облысының Ақтау қаласында ауылдық жердегі әйел-кәсіпкерлерге арналған семинар өтті. «Ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» атты тегін шеберлік сабағы Азия даму банкінің қолдауымен «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастырылды.

Семинарға облыстың барлық ауданынан 60-қа жуық әйел кәсіпкер қатысты. Олардың қатарында шаруа қожалықтарының басшылары, өндірістік кәсіпорындардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер бар. Екі күндік оқытуда бизнес-тренер тәжірибелік тапсырмалар мен кейстер арқылы әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне, бухгалтерлік және басқару есебіне үйретіп, салық пен инвестиция тарту сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге тыңдаушылар жеке брендті дамыту маңыздылығын, пиар жұмысын үйлестіру мен интернет-маркетинг негіздері туралы біліп қайтты.

Оқыту аясында қатысушыларға Қазақстандағы бизнесті жүргізудегі қаржылай және қаржылай емес қолдау туралы Кәсіпкерлер палатасының мамандары таныстырды. Ал кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының қызметкерлері кеңінен тоқталды.

Сонымен бірге екінші деңгейлі банктер мен шағын несиелік ұйымдардың өкілдері нәзік жанды іскерлерге шағын және орта бизнес субъектілерінің жобаларын қаржыландыру бағдарламалары мен оларға қатысу шарттарын түсіндірді.

Қатысушылар өз кезегінде семинардың кәсіби біліктіліктерін көтеру үшін қажетті шара екенін, сондай-ақ, ауылдық жерлерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту идеясын танымал етудің маңыздылығын атап өтті. Жалпы өңірде 52 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 50%-ға жуығы әйелдер еншісінде.

Айта кету керек, Азия даму банкінің қолдауы шеңберінде «Атамекен» ұйымдастыруымен тегін оқу семинарлары еліміздің 15 өңірінде өтеді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар