Ринат Заитов Қосанов туралы бар шындықтың бетін ашты (видео)

/image/2019/07/05/crop-20_10_743x1322_snimok-ekrana-1225.png

Qamshy.kz порталында Ирина Советжанқызының "Қамшы-сұхбат" хабары ашылды. Хабардың алғашқы қонағы — айтыскер ақын Ринат Заитов. Сұхбат барысында Ринат Заитов қоғамда қызу талқыға түскен мәселелерге қатысты пікір білдірді.

— Сайлаудан кейін сені қамауға алған кезде қазақ жастарының сені қалай жақсы көретінін байқадық. Бұл жағдай саған қалай әсер етті?

— Біріншіден күтпеген жағдай болды. Мен қазақ жастарымен бұрыннан жақсы қарым-қатынастамын. Сайлау күні жүздеген студентті қамап ұстап отырған бір-екі оқу орындарына бардық. Айқайласып жүріп оларды шығарып алдық. Сол күні мен әрі кетсе, 15 күнге қамайды деп ойладым. Бірақ қазақ жастарының жиналып, мені босатуын сұрайды деп күтпедім. Мен іште отырған кезде маған қызметкерлер "сен далада не болып жатқанын білесің бе?" деп сұрады. Мен білмейтінімді айттым. "Сені босатуды сұрап, жиналып жатыр" деді. Содан соң мен жиналған адамдарды қайтару керек деген болатынмын. Мен "кез келген митинг, шеуде халық ұтпайды, керісінше ұтылады" дегенді бұрыннан айтып жүрмін. Себебі митингте бәрібір қан төгіледі. Сондай-ақ митингте біреудің жалғыз ұлы, қарындасы, бауыры болады. Біз әрбірінің бас амандығын ойлауымыз керек. Бұл жағдайдан кейін мен өзімді ең бақытты ақын деп есептеймін. Кереметтей өлең жазып жүргенім жоқ. Дегенмен халықтың маған деген шынайы ықыласын көріп, шын қуандым. 

— Полиция қамаған сәтте сен аса қатты қарсыласа қоймадың. Бұл  сенің заңсыздық жасағаныңды мойындағаның ба, әлде жағдайды ушықтырып жіберем деп қорықтың ба?

— Мені ұстап алып бара жатқан кезде менің қолымнан қапсырып ұстап алған адам "Ринатты жібермеймін" деп шырылдап, жанын беріп тұр. Егер мен қандай да бір әрекетке баратын болсам, сол жердегі халықтың барлығы қарсыласатын еді. Ал бұл мен айтқан қантөгіске әкеліп соғады. Мен содан қорықтым. Сондықтан біз сол жиынға рұқсат сұрамадық. Себебі бұл аяқ асты болған жиын болды. Себебі де белгілі. Қосанов деп айта берейін, атын аса айтқым келмейді. Сол адамға сеніп, қалардың алдында маған "алданып қалсаңыз қайтесіз?" деп сұрақ қойылды. Мен "халық алдында тізерлеп тұрып кешірім сұраймын" деп жауап бердім. Ер азамат айтты ма, айтқанын орындау керек. Бізде де заңсыздық бар екенін білдік. Себебі рұқсат етілмеген жиын жасадық. Рұқсат берілмейтін де еді. Заң бізге қарсы болғандықтан, бізге айыппұл салып, 15 күнге қамайтынын да білдік және іштей дайын болдық. 

— Тізерлеп ел алдында кешірім сұрадың. Кешірді деп ойлайсың ба?

–Түсінгендер кешірді деген ойдамын. Себебі иілген басты қылыш кеспейді. Себебі, халықтың жартысынан көбі сенді, үмітпен қарады. Мен Қосановпен 2 рет кездестім. Кездескен кезде оған "халық алданасың деп жатыр. Егер солай болса, мен осы жерден қоя салайын" деп айтқан едім. Оның  ойында не болғанын мен білмеймін. "Жоқ бауырым, бәрі дұрыс. Еркекше сөзім", - деп айтқан еді. Сөйтіп, ол жігітше сөз беріп, қол алысқан болатынбыз. 

— Сен "партия құрамын, заң талаптарын жаттаймын" деп уәде берген едің. Заң талаптарын жаттай бастадың ба?

— Иә, енді бастамақпын. Қазір жазғы демалыс. Мүмкіншілік бар. Қазір бәрі партия құру жөнінде айтып жүр. Бірақ мен партия құрудың негізгі шарттары туралы да білмеймін. Оның бәрін зерттеп білу керек. Шыны керек, қазір айналамда толықтай сенім артып, серіктес болатын адам жоқ. Мен байқамадым. "Аузы күйген үрлеп ішер" демекші, кімге сенерімді білмеймін. Содан соң Қазақстанның Әблязов деген шетелде отырған сәуегейі бар ғой. Сол "Енді билік Ринатқа партия ашып береді" деп айтыпты. Мен оның өтірікші екенін дәлелдегім келеді. Сөзімді дәлелдеу үшін "жоқ мен ешқандай әрекетке бармаймын" деп айтсам да болады. Бірақ менің көзқарасым, пікірім өзгерген жоқ. Осыны мен көпшілікке түсіндіргім келеді. Жарайды, ешқандай партия құра алмадық деп ойлайықшы. Бірақ мен кез келген мүмкіндікті қолымнан келгенше халықтың жағдайын айтып қалуға пайдаланамын. 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар