Қазақстанда педофилдерді «піштіру» туралы ұсынысты Сенат депутаттары қолдады

/uploads/thumbnail/20170708182121086_small.jpg

Қазақстанда педофилдермен күрес науқаны басталып кетті. Қоғам белсенділері бас болып көтеген педофилдерге шара қолдануда  жазаның ең ауыр түрі  туралы ұсынысқа енді халық қалаулылары да үн қосты.

Бұл туралы «Қамшы» порталы КТК арнасына сілтеме жасай отырып жазады.

Ендігі әрі Қазақстандағы педофилдерді «піштіру» (кастрация) арқылы жазалауды  енгізу туралы ұсынысты  ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қолдады.  Белсенділердің ҚР Қылмыстық кодексіне педофилдерге қатысты жазаны ауырлату туралы ұсынысын осыған дейін ҚР Бас прокуратурасы да қолдайтындықтарын жеткізген.

Психологиялық ауытқушылыққа ұшырағандар немесе қасақана бүлдіршіндердің өмірлерін ойран етушілерді «піштіру» арқылы тыйюға болатын болса, неге қолдамасқа?! Әйтпегенде осыған дейін қолданылып келген ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру жазасынан бой тартып, үрейленіп отырған «педофил» жоқ болып тұрғаны жасырын емес.

Осыны ескерген Сенат депутаттары бүгін, педофилдерге қолданылатын жаза қатаң әрі жан түршігерлік болуы үшін, жедел түрде ҚР Қылмыстық кодекске өзгертулер енгізіліп, жәбірленуші тараптың кешірімі арқылы жазадан сытылып кететіндердің жолына бөгет қою керек  деп отыр.

Кейбір дереккөздеріне сүйенсек, соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша полиция мен прокуратура  кәмелет жасқа толмаған және кішкене бүлдіршіндерге сексуалдық күш көрсеткендерге қатысты 100-ден астам істі тоқтатқан. Кейбір жағдайларда қылмыскер жақтың туысқандары жәбірленуші тараптың туыстарымен өзара келісімге келіп, кешірім сұрау арқылы жазадан босатылып жүрген. Ал келесі бір жағдайларда жәй ғана заңды белшеден басушылықтар болған.

Енді міне, депутат мырзалар да мұндай бассыздықтарды біржолата болдырмау үшін, педофилдерге қатысты жазаны ауырлату, химиялық жолмен «піштіру» туралы ұсынысты қолдаған. Тіпті, сенатор мырзалар, Премьер-министрдің атына арнайы хат жолдаған.

Нұрзат Тоғжан

Қатысты Мақалалар