Соңғы уақыттағы материалдарға қарасам, олардың дені ДСҰ бізге не береді деген сауалдан басталады екен. Әрине, бірден - ДСҰ бізге ештеңе бермейді, не беруші еді ))) деп қысқа қайыра салсақ та болар еді... Сонымен ДСҰ-на кірдік. Қуаныш құтты болсын! Бұл не БҰҰ ма, не өзі?! Дүниежүзілік Сауда Ұйымы басқасын қайдам, қазақтың нағыз саудаға ден қойған шағында, НұрМұқасанның "Не пайдасы" мен Бауыржан Шоудың "Пайда пайдасы" хит болып тұрған жыл - 1995 жылдың 1 қаңтарынан қызметіне кіріскен Халықаралық Ұйым. Осы тұрғыдан алғанда бухгалтері бар, дәрігері, мұғалімі бар қара халықтың жаппай саудаға шыққан кезінде іске кіріскенін айтсаңшы бұл ұйымның. Бізбен шарттас, бізбен тілеулес ұйым болғаны ғой деп топшылауымызға да болар. Бірақ бұл ұйым құрылуының алғышарттары сонау 1947 жылдан басталады. ДСҰ тары-талқанымызды артық қылмайды және торы байталын қорамызға байлап бермейді. Сүріленген соғым етін кертіп жегеніміз ДСҰ-ға емес тек өзімізге байланысты. Ол тек қана халықаралық сауда саттыққа "мүмкіндік жасайды", "ықпал етеді", "принциптер белгілейді", "қағидалар орнықтырады", "ойын тәртібі мен ережелер белгілейді", былайша айтқанда ДСҰ келіссөздер жүргізетін алаң. Ол жерде қатаң тәртіп, қатаң бәсекелестік, қатаң талаптар, бәсеке, бәсеке, тағы да бәсеке! Әбігерлік әлі алда: демпингке қарсы шаралар белгілеу, халықаралық сапа стандарттарын белгілеу, стандарттарды қайта қарау, сертификаттау жүйесін нақтылау, бүкіл заңнаманы қайта қарастыру, халықаралық актілерді имплементациялау, әсіресе, Азаматтық кодексті қайта қабылдау, Салық кодексі мен Кеден кодексін өзгертіп, толықтыру. Бұның сыртында халықаралық сауда мұхитында жұтылып кетпеуімізді де ойлауымыз керек. ДСҰ-на мүше болу ашығын айтсақ Дамыған елдер үшін өте тиімді де, ал біз сияқты Дамушы елдер үшін тиімсіз болмаса да машақатты іс. Көппен көрген ұлы той деп, 162-ші ел болып бұл ұйымға да кірдік. Экспортты дамыта алмай жатқанымызда, импорттың астында қалмасақ болды. Дәл қазір бізге ең алдымен: Отандық тауарларымыз бен өндірушілерімізді ДСҰ "крышевать ететін" фигуралардан қорғауымыз керек, экономикалық тәуекелдерге барынша сақ болу керек, мемлекет алдында қарызы шаш етектен болған кәсіпорындарға оң көзбен қарау керек (ДСҰ талабы бойынша мұндайлар мүлдем болмауы керек), бәсекеге қабілеттілік әлеуетімізді арттыруымыз керек, жергілікті тұтынушылар, жергілікті сауда дәстүрі, жергілікті сауда мәдениетін сақтап қалуымыз керек. "Базар" деген қасиетті де қастерлі ұғымды "моллдар" мен супер-гипер-мега-макро маркеттер мен бутиктер алмастырмауы керек. Жаһандану өз ісін істемей қоймайды. Сан түрлі саладағыдай алпауыттар сауда саласының да «ойын тәртібін» белгілеп қойған. Жиырма жылға жуық келіссөздер іске асып Қазақ елі болып Халықаралық сауда мұхитына күмп бердік. Әрине, әлем елдері арасындағы сауда-саттық қандай да бір тәртіпке бағыну керек қой. Солай емес пе? Оның үстіне «озық үлгідегі» бұйымдарымыз бен тауарларымызды Парагвай мен Уругвай, Аустрия мен Аустралия тұтынып жатса қандай ә! Әлемдік нарық деген зор мүмкіндік. Бұл енді формальды тұжырым. Дегенмен, Ғылымдағы глобалдану ғалымдарымызды "импакт фактор" деген құбыжық алдында жүгіртіп қойды, Білім берудегі глобалдану сансыз реформа иіріміне түсіріп қойды. Осы сияқты спорттағы глобалдану, мысалы олимпиада өткізу үшін қызтекелер мен лезбикелерді ресми тану талабын қойды. Компаратистикалық сипатындағы мұндай мысалдар жетерлік. ДСҰ қойған талап дәл қазір біз үшін көтере алмас шоқпар. Субсидияға қарап отырған Аграрлық саланың күні не болмақ енді. ДСҰ берген мүмкіндіктерді іске асыру болашақтың еншісі. Сондықтан нақты іс шаралар жасауымыз керек. Тауарлар арзандауы мүмкін деген болжамның рас-өтірігі де болашақ еншісінде. ДСҰ ту қылып көтерген мәселенің бірі де бірегейі - сапа. Сапаға келсек "сапа" деген категория қалтарысында удай бағалар жатуы бек мүмкін. Әсірелеп айтар болсақ, айналайындар сапа деген неге керек өзі, арзан болмағаннан кейін. Қол жетімді болғаныңа болайын қымбат болғаннан кейін. Сапалы екен деп қандай да бір затты бір ғасыр пайдаланғалы жатқан ешкім жоқ қой. Осыдан он жыл бұрын 500 доллар тұрған "сапалы" фин телефонын қазір кім тұтынады мысалы?! Қазір олардың 500 теңге құрылы құны жоқ сапалы болса да. Сондықтан бізге сауда қақпасы ашылғансын лап қоятын "Мода", "Бренд" деген секілді қаржылық вампирлерден барынша сақ болу керек. ДСҰ-на мүше болып кірген екенбіз, онда алдыңғы жылдарда кірген Кедендік Одақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ дегендердің құрамында не үшін жүрміз, не үшін алдағы уақытта да жүрмекпіз? Мемлекеттік органдардың бұлардың арасында еш қайшылық болмайды, бір біріне кедергісі жоқ деген жауабы көңіл көншітпейтіні рас.Міне, бұл мәселелер де нақты шешімін табуы керек. ДСҰ-ның мүшелері қандай өзі. Еуропа елдері мен АҚШ-ты ғана мысалға келтіре бермейікші. ДСҰ-ның мүшелері: Үндістан мен Бангладеш, Никарагуа мен Куба қаншалықты ықпалды? Ангола, Чад, Конго, Кения, Марокко, Зимбабве, Нигер мен Нигерияның шекесі қызып жүр ме? Гондурас, Уругвай мен Парагвай табысқа кенелген елдер ме? Моңғолия қаншалықты дамыған? Алысқа бармай ақ қойсақ Украина, Тәжікстан мен Қырғызстан дамып кетіп пе екен ДСҰ-ға кіріп?! Бұл елдердің қателіктерін қайталамай, өз сара жолымызды белгілеуіміз керек. ДСҰ-на кіргеніміз тек шикізатпен шектелмей, әлем елдеріне ірі көлеме экспорт жасағанымызда ғана тиімді болмақ. Сонымен "Сауда клубына" кіруге дисконт картамыз бар. енді осы картаны дұрыс пайдалана білсек болғаны!
Ерболат Қошқарбаев, Facebook парақшасынан