Перудың бұрынғы президенті Алехандро Толедо АҚШ-та ұсталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі El Comercio сайтына сілтеме жасап.
Оған өз елінде сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланған. АҚШ Перудің өтініші бойынша саясаткерді қамауға алған. Бұл туралы Оңтүстік Америка Республикасының Бас прокуроры мәлімдеді.
2017 жылдың ақпан айында Перу соты 2001 жылдан бастап 2006 жылға дейін ел президенті болып қызмет еткен Толедоны қамауға алу туралы үкім шығарды. Оның үстінен Бразилияның Odebrecht құрылыс корпорациясымен ауызжаласып, заңсыз келісімшартқа отыру және жемқорлық бойынша іс қозғалған.
Тергеушілер келтірген дерекке сүйенсек, экс-президент пен оның маңындағы шенділер бразилиялық компаниядан 20 миллион доллар көлемінде пара алған. Odebrecht параны ірі автожол құрылысы бойынша тиімді келісімшартқа қол жеткізгені үшін берген.
Толедоға бірден іздеу жарияланған, бірақ елін тастап, қашып үлгерген. Ол 2013 жылы АҚШ азаматтығын алып алған болып шықты.
Пікір қалдыру