Еңбек нарығындағы жағдай, жұмыссыздық, жаңа салаларға мамандану жайын сөз еткен «HeadHunter.kz» ЖШС-нің бас директоры Нина Быченконың forbes.kz-ке берген сұқбатындағы пайдалы ақпараттарды ықшамдап, оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.
Сайттың 2 млн-нан астам түйіндеме, бос жұмыс орындары туралы 100 мыңнан астам хабарландыру, 50 мыңнан астам компаниядан тұратын деректер қоры белгілі бір деңгейде еңбек нарығындағы жағдайға үңілуге мүмкіндік береді.
Нина Быченконың айтуынша, жұмыс берушілердің жұмыс іздеушілерге деген талабы біршама өзгерген. Барлық салаға цифрландыру үрдісі батыл еніп жатқандықтан, жұмыс берушілер қосымша дағдыларды меңгерген, жаңа технологияларды жеңіл үйренетін, көпқызметті қатар атқаратын, түрлі жағдайға икемді кадрларды іздейді. Бұрынғыдай «жауапкершілігі мол», «мақсатшыл», «тіл табысқыш» деген сияқты жалпы сипаттар емес, нақты қолдан келетіні талап етіледі.
Өз кезегінде жұмыс берушілерге қойылатын талап та жоғары. Компанияларға өзін төрт тағандап тұрған тұрақты етіп көрсету алғашқы орынға шыққан. Өйткені білікті кадрлар үшін жұмыс берушінің мәртебесі мен оның тартымдылығы аса маңызды.
Жұмыс берушілер арасында танымал мамандықтардың бестігін сату саласының мамандары, есепшілер, әкімшілік персоналдар (кеңсе-менеджері, хатшы), IT мамандар және маркетинг саласында тер төгіп жүргендер құрайды.
Бүгінде адамдардың 60 пайызы оқыған мамандықтары бойынша жұмыс істемейді екен Бірақ бір маманның орнын басқа мамандықтан келгендер алмастырып жатқандықтан нарықта мамандардың артықтығы сезілмейді. Ал өз ісінің білгірлері мен таланттар барлық салада жетіспейді.
Сайт келтірген дерекке сенсек, түйіндемелерін жариялайтындардың дені жұмыссыз жүргендер емес, қайда жақсырақ жағдай ұсынады деген оймен басқа жұмыс орындарын іздеушілер. Сондықтан 2 млн түйіндеме 2 млн адам жұмыссыз дегенді білдірмейді.
Нина Быченко футурологтардың кейбір мамандықтар 10-20 жылда жойылады деген пайымын теріске шығарды. Оның ойынша, ескі мамандықтар жаңарып, түрленіп отырады. Жоғалып, жойылуы неғайбыл. Айталық, жұмыс берушілер ендігіде жай ғана маркетологқа емес, интернет-маркетолог, сарапшы-маркетологтарқа көбірек қызығушылық танытады.
Яғни, мамандыққа қатысты қосымша дағды меңгерген, өзгелер білмегенді үйренген, өзін жетілдіріп, жаңа сындардар сүрінбей өте алатын маман жерде қалмайды дейді сайт директоры.
Пікір қалдыру