Кеше Қырғыз астанасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық, бозбалалық шағынан сыр шертетін жаңа қойылымның (спектакль) премьерасы өтті. Қойылымда бозбала Нұрсұлтанның қырғыз балаларымен арадағы достығы туралы баяндалған. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттықтың қырғыз редакциясына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қойылым сценарийі бойынша, жап-жас қазақ жігіті мен қырғыз баласы достасып, бірге білім алады. Қиын-қыстау кезеңдерінде бір-бірлеріне демеу болып, өмірлік айнымас досқа айналады. Қазақ жігіті – Нұрсұлтан Назарбаев болса, қырғыз баласы – қырғызстандағы ең ықпалды саяси тұлғалардың бірі болған Марат Акматов. Спекталь өмірде болған оқиғалар желісінде қойылған.
Каныбек Акматов- Марат Акматовтың кіші ұлы:
— Шынында бүкіл қойылым барысында көзімнен жас тоқтамады. Ерекше толқыдым, толғандым. Мен бала кезімнен Нұрсұлтан Назарбаев пен әкем арасындағы бауырластықты, достықты көріп өстім. Бала күнімде әкем маған оның суретін көрсетіп, «бұл да сенің әкең» дейтін. Мен 20 жасқа толғанда әкем екеуміз Чолпан-Атаға бардық. Онда дем алып жатқан Нұрсұлтан Әбішұлымен кездестік. Міне, сол кезде олардың арасындағы достықтың мәңгілік екеніне көзім тағы бір жеткен болатын. Кейін білдім, олар Украинада да бірге оқыған екен.
Кайыргүл Сартбаева, Қырғызстан халық әртісі:
— Бұл қойылым өте жоғарғы деңгейде дайындалған екен. Өз көрерменін табатын, мағыналы және шынайы қойылым болды. Менің ойымша, мұны Қырғызстанның барлық облыстарына көрсету керек. Тек қырғыз сахнасында ғана емес, Қазақстанға да қойылуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, бұл актуалды спектакль және ең бастысы, қойылымға актерлер сәтті таңдалған.
Қанат Садықов, Қырғызстанның бұрынғы білім минситрі:
— Спектальдің басты тақырыбы – достық. Екі адамның өмірі арқылы екі елдің достығын керемет суреттеген. Оның бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Біз бұл тұлғаны жақсы білеміз. Құрметтейміз.Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында қазақ-қырғыз достығына сызат түспей, ынтымағымыз жарасып келеді. Сол үшін ол кісігі алғыс айту керекпіз.
Қойлымды Аманбек Жапаровтың «Эр достугу — эгиз, эл достугу — деңиз» драмасының негізінде қырғыздың талантты режиссері – Марат Қозукеев сахналаған.
Ал осыған дейін Қазақстанда Елбасы өмірінен сыр тартатын, автобиографиялық «Путь лидера» киноэпопеясы түсірілген болатын. Сондай-ақ, «Менің балалық шағымның аспаны», «Разрывая замкнутый круг» атты бірнеше көркем фильмдер түсірілген.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Сурет: azattyq.org