Жамбыл облысының орталығы саналатын көне Тараз қаласы күннен-күнге түрленіп келе жатыр десек, артық айтпағандығымыз. Өйткені, бірнеше жылдан бері екі мың жылдық тарихы бар Тараз шаһарында жаңа шағын аудандар ашылып жатыр. Қаланың көрікті келбетіне одан сайын әр беретін жаңа аудандардағы биік-биік үйлер де көздің жауын алады. Және көпқабатты үйлкердің саны күн өткен сайын артып келеді.
Мәселен, Тараз қаласындағы жаңа 15-шағын ауданда биыл 80 және 60 пәтерлі 25 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жағымды жаңалық туралы Жамбыл облысындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қала әкімі Қайрат Досаев айтты.
«Қазіргі таңда Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда 15-ші мөлтек ауданының құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 10 300 отбасына арналған 280 көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Қазіргі таңда 25 үй салынып жатыр. Салынып жатқан құрылыс алқаптарында байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға берілген»,- деді қала басшысы Қайрат Әскербекұлы.
Сондай-ақ, Қайрат Әскербекұлының айтуынша, 15-жаңа шағын аудан аумағында жеке тұрғын үйлер құрылысын жүргізу үшін 555 жер телімі бөлінген. Аталған жер телімдеріне жеке инвесторлар несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылысын жүргізеді деп жоспарланып жатыр. Дәл қазір оның 255-і бойынша 4 мердігермен келісімшарт жасалған.
Жаңа ауданда су жаңа көпқабатты үйлердің бой көтеріп жатқаны Тараз тұрғындары үшін жақсы жаңалық болғаны сөзсіз. Өйткені, қазір қала бойынша 16 054 тараздық тұрғын үй кезегінде тұр.
Тараздықтардың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында облыс әкімдігі тарапынан бұдан бөлек те бірнеше жобалар жасалынып, су жаңа көпқабатты үйлер салынып жатыр. Тұрғындардың баспана мәселесінде шешуде көп балалы, жалғызілікті аналардың, асыраушысынан айырылған немесе асыраушысы жұмысқа жарамсыз отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі мүгедек азаматтардың талап-тілкетері бірінші кезекте тұр.
Пікір қалдыру