Оралдағы қатты дауыл салдарынан ағаштар құлап, ғимараттарға зақым келген, дауылдан кейін бес адам дәрігерлердің көмегіне жүгінді деп хабарайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
"5 тамызда қатты жел салдарынан сағат 15.00 мен 17.00 аралығында жедел жәрдем пультіне төрт рет қоңырау түсті. Желаево ауылында шатырдан шифер бөлігі ұшып, сегіз жасар қыздың басына құлаған. Ол Орал қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді", - делінген "Мой ГОРОД" порталының жазбасында.
Дауылдан қаладағы бірнеше ағаш құлаған.
"Әбілқайыр хан даңғылында көлікке ағаштың жуған бұтағы құлаған. Салдарынан 31 жастағы ер адамның көзіне әйнек сынығы кіріп кетіпті. Ол облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ 16 жастағы қыз зардап шегіп, Орал қаласындағы көп салалы ауруханаға жеткізілген", - деп мәлімет берді өңірдің денсаулық сақтау басқармасы.
Сонымен қатар дәрігерлер 69 және 74 жастағы екі әйелдің үстіне бұтақ құлағанын айтты. Олар басынан жарақат алған. Біреуі ауруханаға жатудан бас тартса, екіншісі медициналық мекемеде ем алып жатыр.
Қатты жел Орал қаласында 5 тамыз күні түстен кейін басталды. Қалада электр жарығы сөніп қалыпты.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қатты жел Жаңажол және Талдықұдық ауылындағы екі мектептің шатырын ұшырған, Жәнібек ауылындағы М.Б. Ихсанов атындағы колледж спорт залының шатырына зақым келіпті. Тасқала ауданындағы Тасқала ауылында Халықты жұмыспен қамту орталығының шатыры ұшқан.
Оралда №47 мектептің 144 шаршы метр шатыры ұшқан, Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің де шатырына зақым келген.
Пікір қалдыру