"Рэмбо", каратист, палуан, әнші, жазушы". Демалыстан оралған Түркменстан президенті туралы не білеміз? (видео)

/image/2019/08/06/crop-11_5_493x657_gurbangulyi-berdim-hamedov2-696x530.jpg

Таяуда кезекті еңбек демалысында болып қайтқан Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов уақытын әдеттегідей өте қызықты өткізді. Оның ел алдына шықпай кетуін ресейлік ақпарат көздері сан саққа жүгіртіп, тіпті "қайтыс болыпты" деген хабар да таратты. Алайда артынша "Аркадагтың" дін аман екені, демалыста болып, уақытын өте әсерлі өткізгені анықталды.

"Хроники Туркменистана" басылымының хабарлауынша, президент демалысты аса белсенді өткізген. Мылтық атып, боулинг ойнаған. Спорттық көлікпен жүйіткіп, шығармашылықпен айналысқан. Арагідік кезекті кітабын жазу да ұмыт қалмаған.

Бердімұхамедов жан-жақты әрі көпқырлы тұлға. Әсіресе оғаш әрекеттері, ерекше ермектерімен танымал. Спорт оның өмірінің ажырамас бір бөлігі. Ол 1972 жылы классикалық күрестен Ашхабадтың, 1973 жылы атудан ел чемпионы атанған. Атқа отыру, велосипедпен, су мотоциклымен серуендеу оның сүйікті ісі. Бала кезінен автоспортпен шұғылданған. Каратэден оныншы дан, таэквондодан қара белбеу иегері. "Каратэ-до" жалпы жапон федерациясының құрметті мүшесі. Оның әскери жаттығуларға қатысқан, тренажерлік залдарда жаттығу жасаған, желден де жылдам спорттық машиналармен түрлі шеберлік көрсеткен видеолары әлеуметтік желілерде тарап, әлемде түрлі пікір туғызуда. Оларды көргендердің бір тобы түркмен басшысының спорттық формасына таңданыс білдірсе, бірі келеке, мазақ етуде.

Айта берсе, Бердімұхамедовтың қызықтары көп. 2009 жылы Ашхабадтағы онкологиялық орталықтың ашылу салтанатында құлағында ісігі бар науқасқа ота жасауға ассистент ретінде қатысқаны көптің есінде. Каспий жағалауында орналасқан Аваза курортына сапарында жұмыс күнін министрлер мен депутаттардың қатысуымен өткен таңғы жаттығудан бастағанын бүкіл әлем көрді. Көрді де күлді. Оқушылар сияқты сапқа тұрған шенділер мемлекет басшысының істегендерін қайталап, волейбол ойнауы кімді де болса күлдірмей қоймас. Бердімұхамедов тағы ән шығарады, ол аздай оны өзі орындайды. Көптеген музыкалық аспапта ойнайды, керек десеңіз жылына бірнеше кітап жазады.

Сену қиындау, бірақ рас сөз. Оның гитарамен айтқан әндерін респуб­ликалық телеарналар мерекелерде әлденеше рет көрсеткен болатын. Көпқырлы адамның кітаптары да түрлі тақырыптарды қамтиды. Айталық, 2017 жылы жарыққа шыққан үш кітабының бірі спорт, бірі әскер, үшіншісі ішкі істер органының жұмысы жайында. Ал 2016 жылы прези­денттің қаламынан шыққан еңбектер түркмен кілемі, музыка, мақал-мәтел, ақалтекемен серуен және тағы басқа тақы­рыптарда жазылған. Ақалтеке демекші, Гурбангулы бірде бәйгеге қатысып, мәрені бәрінен бұрын кесіп өткен тұста сәйгүлігі сүрініп, оңқа-шоңқа боп құлағаны бар. Құдай сақтап, президент дін аман. Құқық қорғау органдары ыңғайсыз жағдайдың видеосы сыртқа таралып кетпеуіне қанша тырысып, баққандарымен президенттің құлаған сәтінің бейнежазбасы ғаламторға әп-сәтте таралып кетті. Түркменстанда өсетін емдік қасиеті бар шөптер туралы жазған еңбегі денсаулық сақтау саласында оқулық ретінде қолданылатынын да біле жүргейсіздер.

Сүйікті түсі ақ. Сондықтан 2015 жылы елге қара түсті автомобильдерді әкелуге тыйым салынған. Шенділер қара түсті көліктерінен түсіп, бірден аппақ қардай көлікке мінді. Көшеде қара я қараға жақын түстес көлік жүрсе, оған бірден айыппұл салынып, ақ, ашық түске бояйтындығы туралы қолхат алынып бір-ақ жіберіледі екен.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар