Алматы облысы, Кеген ауданы, Тоғызбұлақ ауылында тамыз айының басында дүркіреген той өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Тоғызбұлақ ауылында "Біздің ауыл шұрайлы Тоғызбұлақ, Семірген тұра алмайды өгіз құлап..." деп жырлаған ұстаз, әнші, композитор, ақын әрі ағартушы, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны, Жетісу өңірінде бірнеше мектептің негізін қалаған дара тұлға – Қапез Байғабылұлының 123 жылдығына арналған "Тұлғаға тағзым" атты ауқымды еске алу шарасы өтті. Ауылда бұрын-соңды мұндай ас берілмеген. Жиналған жұртшылыққа аудан әкімі Талғат Байеділов, тарих ғылымының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер, ұстаз Асқар Наймантай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы, доцент, ФҒК, өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы арнайы келіп, ауыл тұрғындары мен қонақтарына жүрекжарды лебіздерін айтты.
Кең ауқымда өткен тойдың қадірменді қонақтары ретінде келген Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев бастаған Жігер Ауыпбаев, Нұрлан Сағынай, Шаба Әденқұл секілді еліміздің өнер жұлдыздары өнер көрсетті, халық театры сахналық қойылым қойды. Тойда журналист, National Geographic Qazaqstan журналының жоба жетекшісі Мақсат Ясылбайұлы, жазушы Қанағат Әбілхайыр, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Жарас Сәрсек, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист Алмат, Исәділ, ақын, журналист, публицист Жанарбек Әшімжан және өзге де елге танымал тұлғалар да бойын көрсетті. Киелі сахнада Қапездің әндері орындалып, әдемі концерт берілді. Астың соңында спорттық ойындар ұйымдастырылып, ат бәйгесі болды.
Қымыз ішіліп, ән шырқалып, тау бөктерінде өткен той туралы жастың да, қарттың да есінде қалатындай өткені анық. Жергілікті тұрғындар да, алыстан ат терлетіп келегн қонақтар да риза болған астан әдемі суреттер естелік болып қалды.
"Аспантаулар аясындағы туған жер төсінде ел азаматтары дүбірлі тойды абыроймен өткерді. Тоғызбұлақ ауылының төрінде Алаштың аяулы перзенті, сонау кер заманда жазықсыз жалаға ұшырап, айдауда атылып кеткен қайраткер, ағартушы, әнші-композитор Қапез Байғабылұлын еске алуға арналған керемет шара өтті. Бабалар рухына Құран бағышталып, Ас беріліп, Сал Қапездің әндері шырқалып, бәйге ұйымдастырылды" деп жазды журналист Алмат Исәділ өзінің жеке парақшасында.
Дәл сол шараның қарсаңында ауылдан сақ дәуіріне тиесілі тайқазан да табылған. Ол туралы мына сілтемеден оқи аласыздар.
♦Алматы облысындағы Тоғызбұлақ ауылынан тайқазан табылды (фото)
Қапез Байғабылұлы (1896, Райымбек ауданы, Ақтоғай ауылы — 1939, Ухта қаласы, Коми АКСР) - әнші-композитор, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны. Жасынан өлеңге, әншілікке құмар болып өседі. Ауыл молдасынан сауат ашып, 15-17 жасында өзі құралыптас Сауытақын (ұйғыр) және Шәршікенмен бірге Стамбул медресесінде оқып қайтады. Ағартушылық жолды тандап, Жетісу өңірінде бірнеше мектеп ашып, елді сауаттандыру ісімен айналысады. Әншілік өнерін де тастамайды. 1931-33 ж. ашаршылық кезінде 60 үйлі "Облатком" ауылының басын қосып, адамдарды аштықтан аман алып қалу шараларын ұйымдастырған. 1937 ж. "халық жауы" деген жалған жаламен тұтқындалып, 1939 ж. Коми АКСР-інің Ухта қаласында атылды. 1958 ж. ақталды. Қапез шығыс халықтарының қисса, дастандарын көп білген. Оның бізге жеткен әндері пішіндік-мазмүндық соны сипатымен ерекшеленеді. "Қапездің қоштасуы" "Ай-хай", "Дүние-ай", "Меркі" деген үш әні 1990 ж. шыққан, "Халық әндері мен халық комп-ларының әндері" жинағының (құраст. Ж.Кәрменов, "Өнер" баспасы) 1-томына енгізілген. Райымбек ауданындағы Тоғызбұлақ орта мектебіне Қапездің есімі берілген.
"Үш Меркі"
Сөзі, әні Қапез Байғабылұлынікі
Бiздiң ауыл шұрайлы Тоғызбұлақ,
Семiрген тұра алмайды өгiз құлап.
Кейбiр жаман тамшыға жете алмайды,
Дәметiп Жаратқаннан теңiз сұрап.
Қайырмасы:
Орта Меркi, Шет Меркi, Меркi, Меркi,
Қарқара, Кегенменен жердiң көркi.
Бiлiм алдым Ыстамбұл қаласынан,
Алаштың тәлiм бердiм баласына.
Өлгеннен соң құр жылар – тiрiсiнде
Кiм жетер азаматтың бағасына?
Қайырмасы:
Орта Меркi, Шет Меркi, Меркi, Меркi,
Қарқара, Кегенменен жердiң көркi.
Он жасымда қайтейiн бала болдым,
Он бесімде жол iздеп дала қондым.
Отызымда ағайын ашыққан соң,
Бiр өзiм алпыс үйге пана болдым.
Пікір қалдыру