Қызылорда облысының әкім Қуанышбек Ысқақов Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Евгений Бобровпен кездесті. Кездесу барысында іскерлік қарым-қатынастың барысы талқыланды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Менің сапарымның мақсаты – аймақтың жаңа әкімімен танысу және серіктестіктің алдағы жоспарларын талқылау. Біз Қызылорда облысымен бірнеше сала бойынша тығыз жұмыс жасаймыз. Оның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы халықаралық деңгейде. Сондай-ақ, әңгіме барысында бірлескен жобалар жасауға, атап айтсақ ауыл шаруашылығы саласы мен инфраструктура саласында жаңа жобалар бар», - дейді Бобров.
Елшінің айтуынша, Қызылорда облысы оған жақсы әсер қалдырған. Елші ағымдағы жылдың сәуір айында осы аймаққа ат ізін салған.
«Қызылордалық 500 түлектің Ресейдегі үздік ЖОО-ларда білім алып жатқанын естіп марқайып қалдым. Жалпы, біздің әңгімеміз өте салмақты әрі достық деңгейде өтті», - деді елші.
Пікір қалдыру