Бүгін Нұр-Сұлтанда өткен Тамыз конференциясында ҚР премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданатынын айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Уақыттарыңызды көп алмай, екі мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші мәселе - ол президент айтқан мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы заң. Осы заңды жақын уақытта, 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізуіміз керек. Сондықтан министрлікке 1-2 аптаның ішінде Парламентке енгізу туралы тапсырма беремін", - деді Әбдіқалықова.
Вице-министрдің айтуынша, "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жан-жақты талқыланған.
"Сондықтан 1 қаңтарға дейін бұл заңды қабылдауға негізгі мүмкіндік бар деп ойлаймын. Екінші мәселе - ол барлық деңгейде білімнің дамуы мен ғылымның дамуы. Осыған байланысты біз 2025 жылға дейін білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауымыз керек. Бұл бағдарлама осы жылдың соңына дейін толық жоспары жасалып, қабылдануы тиіс", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
2018 жылы 5 қазанда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында"Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын" деген болатын.
Пікір қалдыру