Облыс әкімінің ықпалымен Ардагерлер үйіне жанама етіп, арнайы ардагерлер үшін соғылған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында облыс ардагерлері арасында тоғызқұмалақ жарысы өткізілді. Озық ойлылар ойынынан өткен жарысқа «Тоғызқұмалақты тегін үйренеміз» атауымен өткен акция аясында бір ай бойы ұлттық ойыннің қыр-сырын меңгерген 15 ақсақал қатысты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жарыстың ерекшелігі, тоғызқұмалақ ойынын бұрыннан ойнап жүрген ардагерлер қатыстырылмай, тек үйірмеге үйрену үшін тұрақты келіп қатысқан ардагерлер арасында ғана өткізілуінде болды. Жарысты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев қорытындылап, жарыс жеңімпаздарын медалдармен, грамоталармен, ақшалай сыйлықпен және тоғызқұмалақ тақтасымен, кітабымен марапаттады.
Марапатқа Жамбыл облысы бойынша «Тоғызқұмалақ қазақ ұлттық ойын қауымдастығы» ҚБ төраға орынбасары Байшығашев Өмен қатысты.
Жарыс жеңімпаздары болып, бірінші Алтын медалді ардагер Джапаров Тұрар, екінші күміс медалді ардагер Байшонов Мұхаметілда, үшінші қола медалді Ахмет Сансызбай, ал «Мәрт» сыйлығын ардагер Жаманбаев Малтабар иеленді.
Айта кетейік, жамбылдық ардагерлерге ұлттық ойынды «Әулие ата» ұлттық спорт түрлері клубының жаттықтырушысы Ербол Нұрханов үйреткен болатын. Жалпы, «Тоғызқұмалақты тегін үйренеміз» акциясы Жамбыл облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығы қолға алған болатын. Ондағы мақсат – ұлттық ойынды ардагерлер арасында үйретіп, оны дамытып, насихаттау.
Расында, қазақ халқының ұлттық ойыны – тоғызқұмалаққа елімізде соңғы жылдары айрықша назар аударылып келе жатқаны белгілі. Түркия елінде спорттың осы түрінен бесінші әлем чемпионаты өткен болатын. Сол додада әлемнің 19 елінен үміткерлердің қатысуы тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейде таныла бастағанының бір дәлелі. Ендігі қадам – еңбек ардагерлеріне тоғызқұмалақ ойынының ережесін түсіндіріп, үйрету жұмыстары қолға алынды.
Ардагерлер бұл игі бастаманы үлкен қуанышпен қолдады. Себебі зейнет жасындағы олар үшін бос уақыттарын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануды көздейді.
Сондай-ақ, ардагерлер «Үшбас» спорттық ойынының да ережелерімен танысқан болатын. «Үшбас» асық ойыны түрлі идеяларды қамти отырып, қазіргі заманға лайықты етіп жасалған. Ол шахмат тақтасына ұқсас жиналмалы үстел үстінде ойналады.
Пікір қалдыру