Жамбыл облысында Қазақстан Республикасының шекарашылары күніне орай «Мерейлі әскери отбасы-2019» байқауы өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
2093 әскери бөлімі басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл байқауға бала тәрбиелеп отырған, ұлттық және отбасылық дәстүрлерді сақтаған, балалардың адамгершілік, интеллектуалдық, физикалық дамуына қолайлы жағдай жасаған, еңбек дағдыларына үйретіп жүрген, белсенді өмір ұстанымын байқатқан 5 әскери қызметшілердің отбасы қатысты.
Байқауға қатысушы отбасылар «Отбасыны қадірлеу – бақытты болу», «Берік отбасы – бақытты балалық шақ», «Менің отбасым – менің бақытым», «Бақытты өмір сүрген үй», «Ата-аналардың өмірі – балаларда» номинациялары бойынша бақ сынасты.
Отбасының бірегейлігін, генеологиялық шежіресін, қызықты отбасылық фактілерді, тарихын, танысу сәтінен бастап және осы уақытқа дейінгі оқиғаларды баяндайтын өзінің отбасын таныстыруға арналған «Менің отбасым және отбасымның тарихы» бөлімінде отбасының ұраны мен елтаңбасына әр отбасы өзінше дайындалып келгені көрінді.
Сұрақ-жауап кезеңінде топтар мақалдың жалғасын қиналмай тауып, сұрақтарға мүдірмей жауап бере білді.
Байқаудың соңғы шарты – үй тапсырмасы кезеңінде «Отбасы әуестігі» тақырыбында қатысушылар хореография, вокал, музыкалық аспаптарда ойнау, театрландырылған өнер, декоративтік қолданбалы және бейнелу өнерінен өздерінің жетістіктерін көрсетті. Әскери отбасылардың арасында өнерлі, талантты, дарынды әкелер, оларды қолдап жүрген аналар, соларға қарап өсіл келе жатқан өскелең ұрпақтары бар екені көрінді. Қатысушы жанұялардың бірі Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан театрландырылған көрініс көрсетсе, келесісі гитарамен ән салып, каратэден тәрбиелеп жүрген шәкірттерімен бірге спорттық қойылым қойды. Ал енді бірі шет тілдерде ән айтып, өзге ұлттардың билерін биледі.
Сүлеймбеков Абзал Мырзаұлы жанұясы жары, үш баласымен бірге ерекше музыкамен, жарқ етіп шыға келгенде зал толы көрермен, қошеметпен қол соғып отырды.Бірден суырылып алға шықты.Сахнаға жарасымдылықпен бірінен кейін, бірі шығып жатқан отбасыларға қызыға қарайсың.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы қатысушыларға орындар үлестіріп, заттай сыйлықтар, гүл шоқтары, тәттілер, балаларға түрлі ойыншықтар берілді.
Пікір қалдыру