Назарбаев: ЕЭО мен Еуропалық одақ міндетті түрде бірлесіп жұмыс жүргізетін болады, Алла осылай деп бұйырған (видео)

/uploads/thumbnail/20170708182327633_small.jpg

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының кезекті сұхбаты «Хабар» және «КТК» арналары арқылы халыққа таратылды. Шынтуайтына келгенде, Елбасы бұған дейін де  әртүрлі жағдайларда, әр түрлі жерлерде журналистер қауымына сұхбат беріп келген. Алайда, бұл жолы бәрі өзгеше. Риясыз. Дәлірек айтсақ, қазақстандық БАҚ бұл жолғы Президент сұхбатын  риясыз, ашық әңгіме түрінде өрбіген, тұңғыш деп бағалауда.

Иә, бұл жолы Елбасы барынша ашық әңгіме өрбітуге тырысқаны жалған емес. Ол әшейінде, БАҚ-қа айта бермейтін, жасырын дүниелерді де бүкпесіз ашып салды. Қайран қалдық. Президент Назарбаев өзінің күйеу баласын қаматуға қатысты жұрт біле бірмейтін кейбір жайларды да бүркемелеп қалмады. Өз немерелерінің, қызының Әлиевке кешірім жасауын өтініп келгенін, алайда заң бәрімізге ортақ, бірдей екенін түсіндіргенін айтты. Десе де, қазақ қоғамын толғандыратын мәселелердің бастысы бұл емес еді. Жаһандық дағдарыстың дерті асқынып тұрған осынау кезеңде қазақстандықтарды алаңдататыны -  Еуразиялық интеграцияның қазіргі ахуалы мен келешегі. Осы ретте «Қамшы» порталы Елбасының 100% ресми тілде (орыс тілі) берген сұхбатынан  Кедендік және Еуразиялық экономикалық одақ жайлы айтқан сөздерінен үзіндіні назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.

Әуелі Нұрсұлтан Әбішұлы біздің елдегі ірі-ірі компаниялар мен шетелдік компаниялардың  бәрін мемлекет өзінің қадағалауында ұстап отырғанын, шетелдік инверторлаға бола алаңдаушылық танытудың еш себебі жоқтығын айтты.

«Қазақстандағы барлық шетелдік және қазақстандық ірі компаниялар мемлекеттің назарында. Оған алаңдаудың еш қажеті жоқ. Олар мемлекеттің рұқсатынсыз ештеңе сата да, сатып ала да алмайды. Бірінші ұсынысты міндетті түрде Үкімет жасауы тиіс және олар өзідігенен жүйені өзгерте де алмайды. Тиісінше біз де олардың жұмыс жасауларына бар жағдайды жасап беріп отырмыз. Келісім шарттарды жасағанда мұның бәрі қамтылған»,-деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Иә, соңғы жылдары одақтасымыздың халықаралық аренадағы (саяси аренадағы) беделінің төмендегені, әлем елдерінің  Ресейге қарсы санкцияларды қарша боратуы өз кезегінде  Еуразиялық экономикалық интеграция аясындағы елдерге, соның ішінде РФ-ның ең жақын серіктесі саналатын  Қазақстанға да салқынын тигізбей тұрмасы анық. Осындай дағдарыс кезеңіндегі экономикалық одақтың жағдайы туралы баяндаған Елбасы,

«әрі қарай Еуразиялық одаққа келер болсақ, қазір әрине қиын кезеңдердің біріндеміз. ЕЭО-ны сынауға  болады. Еуразиялық экономикалық одақ ыдырайтын болды дейтіндер де табылады. Жасыратын түгі жоқ. Ортақ экономика құлдырады. Ортақ сауда көрсеткіші төмендеді. Міне, жағдай осындай. Біз экономикалық одақ құрылар кезде біз мұндай қауіптердің орын алатынын ескерткен болатынбыз. Сауда құлдырады. Себебі, баға төмендеді»,-деген болатын.

«Біз Ресейден, мұнай, газ өнімдерін тасымалдайтынбыз. Қазір баға құлдырады. Ал бұл өз кезегінде ортақ сауда көрсеткішіне әсер етті. Нәтижесінде, сауда көрсеткіші 15-20 пайызға төмендеді. Төмендеді, бірақ, көтеріледі ғой.  Экономикалық одақ қиын кезеңдерге тап болғанымен, екі ел арасындағы серіктестік байланыс еш өзгерген жоқ қой. Өскемендегі машина құрастыру зауыттары, Солтүстік Қазақстандағы Камаз құрастыру зауыттары немесе белорусьтермен бірлесіп құрастырылатын тау -кен орындарына арналған ауыр машина зауыттары бар.  Егер арадағы байланысқа сызат түссе, мұның бірі де болмас еді»,-деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құдайы көршіміз Ресейдің әлемдік санкцияның төпесінде қалуы, одақтас елдердің ортақ экономикасына ықпал еткендігін түсіндірді. Айтпақша, Елбасы сөзіне сүйенсек, мұның бәрі өткінші. Иә, Президенттің мына бір сөзі Еуразиялық экономикалық одақтың ежелгі альтернативасы – Еуропалық одақтың Ресейге қырын қарап отырғаны, саяси ойын екендігін аңғартқандай болды.

«Мен тағы да абызсынғым келмейді. Келешекте,  біздің Еуразиялық одақ пен Еуропалық одақ міндетті түрде серіктес болады, бірлеседі. Бұл Алладан жазылған, әмір етілген. Сондықтан қазіргі санкция дегендеріңіз уақытша дүниелер. Тарихта бұдан зорғылары болған»,-деді Президент Назарбаев.

https://www.youtube.com/watch?v=snYBA3Wimj8&feature=youtu.be

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар