Жол азабы: Дөңгелектер жарылып жатыр (видео)

/image/2019/08/22/crop-158_93_524x931_5d5e18bd8b7ea.jpg

Талдықорғаннан Балқаш көліне қатынайтын күре жолдың құрылысы 2 жыл бойы тұралап тұр. Соның салдарынан көлге демалуға баратын туристер саны да күрт азайған деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап. 

Одан бөлек, жол бойындағы 5 ауылдың тұрғындары жол азабын тартып отырғандарын айтады. 30 млрд теңге қаржы жұмсалатын бұл жоба тағы қанша уақытқа созылмақ? 

Талдықорған арқылы Балқаш көліне баратын жолдың жайын айтса, жүргізушілер жылап қоя береді. Екі жылдан бері әбден зардабын тарттық, дейді. Оның үстіне мердігер мекеме 141 шақырым жолдың 35 шақырымын ескі асфальтымен қоса, қырып тастапты. 

"Дөңгелектер жарылып жатыр. Қырлы-қырлы тастар төгіп тастаған. Қырлы тастар қиып жібереді. Соның бәрін ауыстырамыз. Жасаймыз. Ешкімде жұмыс істейін деген ниет жоқ. Әйтеуір бәрі жолды шашып қойып жатыр. Жұмысынан нәтиже көріп жатқан жоқпыз", - дейді көлік жүргізушісі Күмісбек Жақсыбеков. 

Жол жөндеу жұмысы өте баяу. Осы уақытқа дейін өткелдер мен көпірлер ғана салынған. Мұнымен қоса, 5 шақырымға жетер-жетпес аумақ асфальтталыпты. Алайда, оның өзі қолданысқа берілмеген. Ең сорақысы жол құрылысына бархан құмы пайдаланылып жатыр, - дейді жергілікті жұрт. 

Ал, жол жөндеушілер құмды тек айналма жол салуға пайдаланып жатқандарын айтып ақталды. 

"Бархан құмын пайдалануға бола ма? Бұл жол емес қой. Айналма жол. Басқа жерде жолдың астына салынып жатыр ғой? Жолға салынған не құм? Оны басқаларға айтыңыз. Маған емес", - деді "Жол" ЖШС мастері (учаске бастығы) Үсен Қадыров. 

Ал, Көлтабан ауылының тұрғыны Әділ Әбдірақынов жол жасағаны былай тұрсын, айналмасын салып, егістік жерлерімізді жарамсыз етті, - деп ашынып отыр. 

Жырға айналған жол мәселесі қазір Балқашта туризмнің дамуына мүмкіндік бермей тұр. Күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы көлге келетін демалушылар саны да біршама азайған. 

"2018 жылы біздің Балқаш көлінің жағалауында 25 000 халық демалып қайтатын. Биыл ондай емес. Көбіне автобустар жүрмейді. Өз көліктерімен баратын туристер саны да азаяды ма деп отырмыз", - дейді Алматы облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Оразбаев. 

Жолға жауапты мамандардың пікірінше, Талдықорған-Лепсі бағытындағы жол 3 кезең бойынша жөнделмек. Яғни, алғашқы кезеңде 35 шақырым жерді асфальттау көзделген. Оның өзі 2021-ші жылға дейін созылады. 

"Жобаны толығымен аяқтау, жаңа өзім айтқандай, жалпы 141 шақырым. Барлық соммасы 30 млрд-қа жуық болып отыр ғой. Енді, бұл қаражаттың бөлінуіне қарай аяқталатын жұмыс. Бірақ, біз негізгі жоспарды 2021 жылы бітірсек, деп ойлаған болатынбыз. Бұл 0-35-ті бітіреміз деп ойлаймын. Ол қаражаттың бөлінуіне сәйкес", - деді Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Дәрібаев. 

Жол құрылысын толығымен аяқтау мәселесі қомақты қаражатқа тіреліп тұр. Егер 3 жылда 35 шақырым аумақ жөнделсе, қалған 100 шақырымын ретке келтіру жұмыстары біраз жылға созылатын сыңайлы.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар