Ағымдағы жылдың қыркүйек айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде фронт-офистің ашылуы жоспарлануда.
Бүгінгі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы мен басшы орынбасары, кабинеттерін қайта жабдықтап «Open space» принципі бойынша ашық кеңседе жұмыс істей бастады. Тура осындай кабинетке Байзақ ауданында 2 бөлім басшылары мен 1 ауыл әкімі ауысты.
Тараз қаласы мен Шу және Меркі аудандарында «Сервистік әкімдіктер» ашылды. Бұл жобаның мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналған. Яғни, бұл жерде атқарушы билік өкілдерінің жергілікті тұрғындармен бетпе-бет отырып жұмыс жасауына еш кедергі жоқ. Оның үстіне шаруасы қауырт адам қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмай, қажетті қызмет түрлерін бір ғимаратың ішінде қиналмай-ақ бітіруіне қол жеткізеді.
Жамбыл облысы полиция департаменті жергілікті тұрғындармен ашық жұмыс жүргізу мақсатында Жуалы және Меркі аудандарында жаңа бөлімшелерді жаңа форматта ашты. «Азаматтарды қабылдау» бөлмелері арқылы құқықтық кеңестер мен қажетті ақпаратты, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шараларына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдіруге болады. Алдағы уақытта облыстың өзге аудандарында да «Сервистік әкімдіктердің» ашылуы жоспарлануда.
Облыс бойынша 133 басшы кабинеттерін 1-ші қабатқа көшіріп, халықпен тығыз қарым-қатынас жасауға кірісті.
Ашықтықты қамтамасыз етудегі тағы бір шара ол – мемлекеттік органдарының бірінші басшыларының «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде азаматтарды қабылдауын ұйымдастыру. Онда жеке азаматтардың шағым-ұсыныстары қаралып, тиісті жауаптар қайтарылады. Бүгінгі күнге білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, құрылыс, жолаушылар көлігі, жерлерді пайдалану, мемлекеттік кірістер, сот жүйесі, полиция, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес салалары бойынша 11 қоғамдық қабылдау өткізілді.
Жалпы мемлекеттік қызметшілердің бойында парасаттылық қасиеттерін дамыту мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан парасаттылық департаменті ашылған болатын. Департамент жұмысының мақсаты – жаңа форматта, ашықтық принципінде жұмыс істейтін, кәсіби шыңдалған мемлекеттік қызметшілерден тұратын кәсіби аппарат құру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Пікір қалдыру