Алматыдағы "Цезарь" кинотеатры журналист Жанболат Мамайдың 25 қыркүйекке жоспарланған "Сталин қылмыстары: ұлт зиялыларын қалай қырды" атты деректі фильмін көрсетуден бас тартқан. Бұл туралы фильм авторы Мамайдың өзі Facebook парақшасында мәлімдеді.
Бұған дейін Мамай "ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазіргі Қазақстанда жерінде болған жаппай қуғын-сүргін жылдары туралы" деректі фильм түсіргенін және аталған фильм 25 қыркүйекте Алматыдағы "Цезарь" кинотеатырында көрсетілетін айтқан.
Мамайдың Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтуынша, "Цезарь" кинотеатрының деректі фильмді көрсетуден бас тартуына биліктің тікелей қатысы бар".
"Біз өткен аптада белгілі киносыншы Олег Борецкиймен келіскенбіз. Ол "Цезарь" кинотеатрының директорымен келістім, барлығын реттедім, сіздердің фильмдеріңізді кинотеатрдың тізіміне қостық. 25 қыркүйекте көрсетсеңіздер болады" - деп айтқан болатын. Бірақ бүгін сол кинотеатрдың директоры маған хабарласып, 25 қыркүйекте көрсетілім болмайтын және оған ондай фильмнің қажеті жоқтығын айтты. Ал Борецкиймен хабарласқанымда, "Иә, бұл туралы білемін, бұл - кинотеатр директорының шешімі" деп жауап берді. Менің ойымша, басқа театрлар да бұл фильмді көрсетпейді. Себебі, бұл - тікелей биліктің тапсырмасымен жасалып отырған нәрсе. Сондықтан кинотеатр іздеп уақыт жоғалтпай, фильмді интернетке жүктейтін шығармыз. Бірақ әлі де ойланып көреміз", - деді фильм авторы.
Журналист Жанболат Мамай 2017 қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов "жымқырған" қаражаттың бір бөлігінің "ізін жасырды" деген айыппен сотталып, оған үш жыл журналистік қызметпен және саясатпен айналысуға тыйым салынған. Мамай бұған дейін ХХ ғасырда болған ашаршылық жылдары туралы "Зұлмат", қазақтың зиялылары құрған "Алаш" партиясы туралы "Егер Алаш Республикасы жеңгенде" атты деректі фильмдер түсірген.
Пікір қалдыру