"Маған десе, асылып қалсын": Елорда әкімінің орынбасары Ақордаға барған аналарға ашулы (видео)

/image/2019/09/23/crop-157_12_676x901_snimok-ekrana-1.png

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары мен көпбалалы аналардың кездесуінен түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде, – деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Әкім орынбасары қалада ешқандай пәтердің жоқтығын айтуда.

"Біз уәде бердік. Уәдемізді орындаймыз. Ал сіздер Ақорданың алдына барып, айғайлап жүрсіздер. Мен енді өз міндетімді атқармаймын. Ақордаға барыңыз, тағы басқаны істеңіздер мен сіздерге пәтер бермеймін. Шыдай тұрыңыздар дедім. Келіскен едік. Арнайы адамдарды жинап, комиссия құрдық. Бірақ бәрі бірден бола қоймайды ғой. Мен қазір қалай сіздерге 14 пәтердің кілтін таратамын? Қалтамнан шығарып жатқаным жоқ қой. Адам секілді айтып тұрмын, пәтер жоқ. Мені өлтірсеңіздер де қалада пәтер жоқ!", –  деді әкімнің орынбасары. 

Кейін кездесуге келген аналардың бірі әкімнің орынбасарына бөтелке лақтырып, "өлемін" деп айғайлайды. 

"Бөтелкені лақтырма. Сен кімсің? Мен өзім пәтер жалдап тұрамын. Маған бөтелке лақтырып, балағаттаудың қажеті жоқ еді. Мен енді бөтелке лақтырған әйелмен бірге жұмыс істемеймін. Маған десе Ақордаға барсын. Маған десе асылып қалсын. Бұл не деген мәдениетсіздік? Біз белгілі бір уақыт берулеріңізді сұрап отырмыз. Кішкене шыдаңыздар. Неге бірден маған келмейсіздер? Неге Ақорданың алдына барасыздар. Сіздер Ақорданың алдына барғандарыңыз үшін мен бұл мәселені шешпеймін. Керек десеңіздер соттаңыздар. Менің шыдамым таусылды", – дейді ашуланған әкімнің орынбасары.  

Алайда аналар әкім орынбасарының бұл сөзімен келіспей отыр. Көпбалалы аналардың бірі 2 апта бойы далада қонып жүргенін айтты. 

"Сіздің алдыңызға келдік. Біз 15 қыркүйекке дейін күтеміз дедік. Уәдемізде тұрдық. Алайда сіз уәдеңізді орындамадыңыз" дейді көпбалалы ана. 

"Енді ешқандай пәтер жоқ. Ақордаға 3-рет бардыңыздар. Өз кезектеріңізді күтіңіздер. Кезектеріңіз келгенде пәтерлеріңізді аласыздар. Мен сіздермен жеке-жеке жұмыс істемек болдым. Өтініштеріңізді орындауға келістім", –  дейді әкімнің орынбасары. 

Көпбалалы аналар әкімнің құр уәде ғана бергенін, осыған дейін алдап келгенін айтып, наразылық білдірді. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар