Қабылданған жаңа әліпбиде басы артық әріптер сұрыпталып, тілдік болмысқа лайықталып, атап айтқанда, қазақи дыбысталымға (орфоэпияға), қазақи дыбыс жүйесіне (фонологиялық жүйеге) икемдеп қайта құрылды. Ендігі кезекте, күн тәртібіндегі негізгі мәселесі әліпбидегі бар әріптерді пайдалана отырып, шеттілдік сөздердің жазылымын реттеу.
Қазақ әліпбиіне енгізілген в, ъ, ь, ц, щ … тәрізді әріптер алдымен халықаралық терминдерді, советизмдерді, онимдерді (жалқы есімдерді) орыс орфографиясымен жазу үшін 1940 жылы енгізілген. Осыдан бастап қазіргі кезге дейін қазақ орфографиясы «қосамжар орфография» деп бағаланады. Яғни, бұл қазақ мәтіндерінде бөтен тілдің бөркін киген сөздер аралас-құралас жүр деген сөз. Осымен байланысты ғалымдар әліпбиді реформалау ең бірінші лингвистикалық түрткі жайтқа барып тірелетінін айтады. Олар екі тілдің орфографиясына қызмет ететін әліпбиге түбегейлі реформа жасап, тіліміздің дыбыстық жүйесін нақты белгілейтін, оның өзіндік табиғатын бейнелеп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізетін жазу-сызу жасау керек деген пікір айтады.
Қазіргі кезде шеттілдік сөздердің қазақша орфографиялауға байланысты екі түрлі пікір бар. Біріншісі, қазақы айтылымға негіздеп жазу. Екіншісі осы кезге дейін қалыптасқан сөздердің тұрқын бұзбай, дәстүрлі орфографиялық ұстаным бойынша жазу.
Шеттілдік сөздердің жазылымын қазақы айтылымға негіздеу дегенді орфография ғылымы «фонетикалық принцип» терминімен түсіндіреді. Фонетикалық принцип түрі шеттілдік сөздерді икемдеу үшін өте ыңғайлы. Бірақ фонетикалық принциптің атауы айтып тұрғандай, бұл принцип түрі айтылуынша жазу дегенді меңзейді. Ал емле бірізділікті, стандартты бір типтің қағазға жазылуын қадағалайды.
Қазақ қоғамында қолданылған (1929-жылғы жазуда) жазу тәжірибесінде шеттілдік сөздерді жазуда фонетикалық принцип басшылыққа алынған. 1929-1938 жылдар арасында қазақ орфографиясында шеттілдік сөздердің жазылымы фонетикалық принцип бойынша жазылады деп шешілді және оған мынадай ереже қабылданды: «Кірме сөздердің емлесі дыбыс жүйесінше жазылуы (фонетикалық) керектігі және сөздің аяғы қазақтың сөз жүйесіне көнуі керек».
Емленің негізгі принципі фонетикалық болғандықтан кірме сөздерді әркім өзінше естіп, өзінше жаза бастады. Мерзімді басылымдарда шеттілдік сөздер екі-үш, кейде одан да көп нұсқада жазылды. Мысалы, Sodan kejin Gart qaltasьnan paperosьn alьp demin sonь men aldьrqandai вolьp //Содан кейін Қарт паперосын алып демін соны мен алдырғандай болып (С. Камалұлы, 5-б.). Qaһarman papьjros tartьp otьrdь/ Қаһарман парыйрос тартып отырды (С.Камалұлы, 7-б.). Sьвolьc “kәlвijt” qazaq meniŋ papьrosьmdь sen urladьŋ dep, ςerde ςatqan multaq qajьŋ men Qaһarmandь salьp өtti //Сыболыш «кәлбійт» қазақ менің папыросымды сен ұрладың деп, жерде жатқан мұлтақ қайың мен Қаһарманды салып өтті (С.Камалұлы, 7-б.). Tek dьjnamьjt dуris etken cьrt ujqь cьradai acьldь // Тек дыйнамыйт дүріс еткен шырт ұйқы шырадай ашылды (С.Камалұлы, 9-б.). Dіjnәmіttь Qаһarmannьŋ qasьna qojadь// Дыйнамытты Қаһарманның қасына қойады (С.Камалұлы, 10-б.). Ьja Duvnajьp mьna sizderge alьp kele ςatqan qarςь, kәnвertti almaq вolьp ajqasqan вatьr dep kәnвertti nacalnikke вerdi // ыйа Дұунаеп мына сіздерге алып келе жатқан қаржы, кәнбетті алмақ болып айқасқан батыр деп кәнбертті нашалникке берді (С.Камалұлы 7-б.). Ujat вolqan eken! – dep necalnik вәdik вolьp alaqtadь// Ұйат болған екен! – деп нешалник бәдік болып алақтады (С.Камалұлы, 18-б.).
Бұл сөйлемнен папирос сөзі 3 (paperosьn/ papьjros/ papьros) түрлі нұсқада қолданылғанын, ал динамит (dьjnamьjt/ dіjnәmіt), начальник (nacalnik/ necalnik) сөздері 2 нұсқада қолданылғанын байқаймыз. Бұл мысалдар «Социалды Қазағыстан» гезітінің бір бетінен алынып отыр. Жазу тәжірибесі көрсеткендей, шеттілдік сөздерді фонетикалық принциппен жазу арқылы сөздің мағынасына кері әсерін тигізетіні де анықталған. Бұған мысал ретінде сол кезде жиі қолданылған революция, большевик сөзін келтіруге болады. Аталмыш сөз yrөвөlytsyjө, вassaвьk түрінде де жазылғандығын кездестірдік.
Түркі тілдес халықтардың бірі өзбек тілінің емлесіне көз жүгіртер болсақ, латын графикасына негізделген өзбек әліпби бойынша кірме сөздерді жазу үшін қабылданған принцип түрі – транскрипциялық принцип. Транскрипциялық принцип – таза тұпнұсқалыққа жатпайтын, бірақ түпнұсқаға жақындатып жазу түрі. Өзбек ғалымдарының айтуынша, бұл принцип кірме сөздердің дәстүрлі тұрқын бейнелейтін елесті бұзбауға, сөздің мазмұнын дұрыс тануға көмектеседі.
Өзбек тілі тәжірибесі, бұрынғы қазақ қоғамында қолданылған жазудағы тәжірибелер емле жасаушыларға тек бағыт сілтеуші. Кез келген тіл үшін жасалған орфография үшін бірізділік, жүйелілік аса маңызды. Сондықтан тілдің даму әлеуетін сақтап, өткен тәжірибе мен тағылымды әрдайым ескере отырып жаңа қазақ емлесін дұрыс жаңғырта білсек ел сенімінен шығамыз деп ойлаймын.
Назира Әміржанова,
А. Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Тіл мәдениеті
бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты,
Пікір қалдыру