Ақан Сатаев бірнеше күн бұрын тұсаукесері өткен "Томирис" фильмінің не себепті қазақша нұсқасы көрсетілмей жатқанын түсіндірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы режиссер өзінің Instagram парақшасына жазды.
"Құрметті көрермен! Күні кеше "Томирис" фильмі барлық кинотеатрлардан көрсетіле бастады.
Көрермендер мен жуналистердің қойылған басты сұрақтары - фильмнің қазақша дыбысталған нұсқасы бар ма? Сөзсіз толығымен қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар. Қазақ елі болғандықтан да, алдымен қазақша нұсқасын дыбыстаған едік!
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлт үшін жасалған маңызды қадам. Фильмнің соңында жазылатын титрлер (түсіру тобы мен актерлық топтың аты-жөндері жазылатын бөлім) латын әліпбиіне аударылу барысында көптеген грамматикалық қателердің анықталуы және топ мүшелері мен актерлардың аты-жөндері құжаттарға сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз мұндай қателермен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешу үстіндеміз.
Бұны ақталу емес, сіздерге мән-жайды түсіндіру деп қабылдайтындарыңызға үміттенеміз. Фильмнің қазақша нұсқасы уақтылы дайын болмағанына, көрсетілімге кешігіп шығуына өкінішпен алдарыңызда кешірім сұраймыз. Екі-үш күнде бұл мәселе шешуін тауып, киномызды ана тілімізде еліміздің барлық кинотеатрларында көре алатындарыңызға сенім білдіреміз", - деп жазды Ақан Сатаев.
Пікір қалдыру