Жамбыл облысында Өтеген батырды еске алуға арналған ас өтті

/image/2019/10/08/crop-16_10_743x991_082139569700.jpg

XVIII ғасыр – қазақ халқы үшін аумалы-төкпелі кезеңдердің бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, дәл осы жүз жылдықта қазақ халқы өзінің тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірін бастан кешірді. Тарих беттерінде "Ақтанбан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деп аталған қазақ халқының жоңғарлардан жеңіліп, босып кету  дәл осы XVIII ғасырдың алғашқы ширегінде орын алған. Осы жаугершілік заманда қазақтың талай батырларының даңқы шығып, есімдері бүгінге дейін ел аузында жүр. Сондай батырлардың бірі – Өтеген Өтеғұлұлы. 

1699 жылы туған Өтеген батырдың биыл 320 жылдығы. Осыған орай, Жамбыл облысы Қордай ауданында батырды еске алу асы кең көлемде аталып өтті. Оны сол аудандағы батырдың атымен аталған ауылдың тұрғындары – Өтеген батырдың ұрпақтары ұйымдастырды. 

Батырды еске алуға арналған ас-жиын алдымен елдің бірқатар өңірінен келген қонақтардың аудан орталығында орналасқан батыр ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталды.

укрп

Сондан кейін Өтеген батыр атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Жиын барысында жиналған көпшілік Өтеген батырдың Абылай ханнан естелікке алған шұбар тегенесінен дәм ауыз тиді.

вар

Бүгінде бұл тегене батырдың сегізінші ұрпағы Бақытжан Бекбатыровтың қолында сақтаулы екен. Батыр тағылымына арналған жиында белгілі жазушы Марал Ысқақбай сөз алып, Өтеген батыр өміріне тоқталды. 

– Өтеген  Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу  өзенінің бойында,   Изенді  деген  жерде дүниеге  келген.  Жастайынан Іле  матайлық Тауасар  бидің  баласы Қазыбекпен  бірге Бұхара, Самархан, Шам, Бағдат, Ыстамбол, Ромға  барып тоғыз  жыл оқып оралады. Өтеген  Төле  биден  бата алып, Абылай  ханның  оң   тізесін  басқан  батырларының  бірі. Қазақ  жерін жоңғар  басқыншыларынан  азат ету жолында  Түркістан,  Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай  шайқасына  қатысты. Қалмақтың  Ботхишар, Сабан Тайшық   сынды белгілі батырларын  жекпе-жекте жер  жастандырып, қазақ әскерінің  даңқты  қолбасшыларының  бірі  болды, –деді Марал Ысқақбай.
   
Жиында  сондай-ақ, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  дәрігері, белгіл меценат Мүсілім Дайырбеков, Алматы  облысынан  қонақтарды  бастап келген Іле  ауданы  әкімінің орынбасары Алмасбек  Сәтібаев, Іле ауданы  ардагерлер  кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдібекұлы, Тараз  қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек  Олжабай  және  басқалары сөз алып, батырлық пен  елдікті әспеттеудің  жас ұрпаққа патриоттық  тәрбие  берудегі  маңыздылығын атап көрсетті. Мүсілім Дайырбеков Алматы қаласындағы бұрынғы Мате Залка көшесін Өтеген батырдың атына қалай бергізгені туралы айтты. Жиын соңында "Мүйізді  Өтегеннің  мүйізді  ұрпақтары" атты  кітаптың тұсаукесері  өтті. 
апр
 
Тарихи деректер бойынша, Өтеген батыр 74 жасында Іле бойында өмірден өтіп, сол өңірде жерленген. Кейіннен Өтегеннің Қордай ауданындағы ұрпақтары Қапшағай су қоймасының салуына байланысты батырдың сүйегін 1973 жылы Қордайдағы Өтеген ауылына алып келген.  Ал 1999 жылы батырдың үш ғасырлық тойы республикалық деңгейде аталып өтіп, басына кесене тұрғызылған. Жиыннан соң жиналған жұртшылық батырдың сол кесенесіне барып, құран бағыштады. Ары қарай батырды еске алу асы осы кесене орналасқан Өтеген ауылында балуандар бәсекесі, ұлттық ат спорты ойындарымен жалғасты.
 
Алдымен ауыл  мешіті  маңындағы боз  кілемде елге танымал балуандардың бәсекесі өтті.  "Түйе балуан" атану үшін 28 балуан өзара белдесті. Олардың арасынан іріктеуден іркілмей өткен төрт балуан жұлделі орындарға таласты.  Үшінші орын үшін болған күресте 2016 жылы "Қазақстан барысы" турнирінде қола жүлде алған тараздық  Айбол Айтбек өткен  жылы "Алматы барысы" атанған Дәурен Нұралиновтан  басым  түсті. Ал ақтық сында тараздық тәжірибелі балуан Дәулетхан Жақып 2017 жылы "Қазақстан  барысы" атанған қызылордалық Еламан  Ерғалиевті мерзімінен бұрын жеңіп, бас жүлдеге тігілген "Лада Гранта"  автокөлігін ұтып алды. 
уйкп
 
Содан кейін ауыл сыртындағы атшабарда ұлттық ат спорты ойындары өтті. Алдымен білекті де, жүректі тақымы тастай балуандар аударыспақтан сынға түсті. Бұл бәсекеде жүлделі үшінші орынды Дәулет Ережепов иеленсе, екінші орынды Нұржігіт Әмзиев жеңіп алды. Ал ат қарсыласының барлығын ат үстінен аударып тастаған белгілі балуан Данияр Смайлов жарыстың жеңімпазы атанды. Аударыспақ бәсекесі біте сала, ауызымен құс тістеген жүріктердің бәсекесі – бәйге басталды. Алдымен 65 құнан қатысқан 15 шақырымдық бәйге өтті. Бұл бәйгеде Әлінұр Назарбаевтың (Алматы облысы Қарасай ауданы) "Бақторы" атты құнаны бірінші келіп, бас бәйге тігілген "Лада" автокөлігін ұтты. Одан бөлек, алғашқы орындардан көрінген алты құнанға жүлде берілді. Одан дейін 21 шақырымдық топ бәйгеде Мерхат Бұлғыновтың Қазақстанға танымал тұлпары "Мұрагер" мәре сызығын бірінші кесіп, ат иесі "Нива" автокөлігін иеленді. Бәйгенің бұл түрінде де жеті жүйрікке жүлде берілді. Ал 33  шақырымдық  аламан  бәйгеде  Алматы облысы Қарасай  ауданынан Әлнұр Назарбаевтың атақты  жүйрігі "Үшқоңыр" алдына  ат салмай  келіп, иесіне "Тойота Хайлюкс"  көлігін  мінгізді. Екінші  келген  "Ақмоншақ" атты сәйгүліктің иесі Мұрат Қозыбаев «Нива» автокөлігін олжалады. Алманда үздік шыққан тоғыз арғымаққа жүлде берілді. 
 
впа
 
♦Оқи отырыңыз: Өр Өтеген, Ер Өтеген

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар