– Қазіргі көп жерде айтылып жүргендердің дені айғай-шудан құралған жалған патриотизм. Бұл біздің болашағымызға бедел, келешегімізге кемел бола алмайды. Біз кейде жаңалық іздейміз деп, жар жағалап кетеміз. Өзгенің қаңсығын таңсық көруге бейілміз. Не іздесек те, жаңалықты да, жақсылықты да, тәрбиені де, тәжірибені де өз тарихымыздан, өз құндылығымыздан іздеуіміз керек. Біз қазір өзімізден іздемейміз. Өзіміздікіне алакөздене қарап, ескірген дүниенің сапына қоса саламыз. «Жаңаның өзі – ұмытылған ескі» емес пе еді?! Қазір құлақтан кіріп, бойдан тұрақ табатын әуезді әндер жоқтың қасы десек болады. Дәстүрлі әндерімізді біз әлі де дәріптей алмай жүрміз. Біздің небір бұлбұл көмей, жезтаңдай әншілеріміз бар. Енді әннің өзі аманат қой. Соның аман-сау қалпында жеткізілуі ләзім. Сол аманатқа обал жасамай, салауатқа сауап жасамай, бүтін қалпында жеткізу – бүгінгі әншілердің міндеті. Қазіргі әндер «дігідік, дігідік шабамын, байдың қызын аламынның» төңірегінде. Хас өнердің қадірін шоуға толы бағдарламалар кетіріп бітті. Эстрадашылардың айғайына құлақ тұнады. Олар ешкімді елемейді. Дәстүрлі әншілер мен эстрадашылар бірін бірі жамандаудан аспай жүр. Бізге дау-дамай қуып, өнбес істің соңын қуатын уақыт жоқ. Бағлан өнердің басын төрге сүйрейтін шын өнерпаздар өзара бірігіп, ұлт болмысына зиян келтірер істермен күресуді үйренгені абзал-ақ.
Бекжан Тұрыстың "Қала мен дала" газетіне берген сұхбатынан