Жергілікті жұмысшылар мен Қытай азаматтары неге жанжалдасты?

/image/2019/10/10/crop-47_10_622x830_14527468_379112659143257_128965520_n.jpg

7 қазанда Алматы облысы Ақсу ауданында Қытай мен Қазақстан жұмысшылары арасында жанжал болды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Департамент баспасөз қызметінің хабарлауынша, жанжал алдымен Қытайдың төрт жұмысшысы арасында басталып, кейін төбелеске ұласқан. Барлығы – "Citic Construction" компаниясының жұмысшысы. Төбелестен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы, этникалық қазақ жарақаттанған.

Департаменттің мәліметінше, "келесі күні жергілікті тұрғындар мен "Citic Construction" компаниясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары "істің байыбына бармай Қытайдан келген жұмысшыларды ұрып-соққан".

Төбелестен Қытайдың төрт азаматы жараланып, ауруханаға түскені хабарланды. Полиция "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу басталғанын, күдіктілер ұсталғанын айтты.

– Бұл факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық) , 107-баптың 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру)  және 106-бабы 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер анықталып, ұсталды, – деді Алматы облысы полициясының баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, тексеріс кезінде "Citic Construction" компаниясында шетелдің 33 жұмысшысы заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған. Полиция қазір оларды Қазақстаннан депортациялаумен айналысып жатқанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде 8 қазаннан бері осы мәселеге байланысты видео тарала бастаған. "Citic Construction" ЖШС-нің жұмысшылары БАҚ өкілдеріне видео үндеу жариялады. Видео үндеуде жұмысшылар шетелдік мен жергілікті тұрғындарға тең еңбек жағдайы жасалмағанын алға тартқан.

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар