Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақовтың жұмысына көпшілік бүгінде дән риза. Әкім қызметіне кіріскен бойы, қара халықтың қамын күйттеп жүр. Оған біз Алға ауылдық округі, Сауытбек ауылындағы кездесуде тағы бір мәрте көз жеткіздік, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Ауыл мәселесі жөнінде мәлімдеген округ әкімі Б.Есбергенов пен ауыл тұрғындарының айтуынша, мұнда да жайылымдық жер, көше жолдарын асфальттау, ескірген электр бағандарын ауыстыру, каналды тазарту сынды мәселелер көп екен. Сонымен қатар, ауыз су мәселесі, мектеп жолын жарықтандыру қажеттігі де айтылуда.
Тұрғындардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдаған аудан әкімі әр сұраққа тыңғылықты, жүйелі жауап берді. Мысалы, Ж.Айтақов ауылдағы ең үлкен мәселе – ауыз су мәселесі екендігін, оның республикалық бюджет қаражаты есебінен ғана шешімін табатынын айтты. Қазіргі таңда ауыз су бойынша ЖСҚ дайындалуда. Ол мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң нәтиже алып шықса, республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Шамамен бір жыл ішінде ауыз су проблемасы шешімін табуы мүмкін. Екіншіден, жол мәселесіне келгенде су құбырын жүргізбей тұрып, жол жөндеудің қажет еместігін назарға салды. Өйткені, көпшілік көріп жүргендей, бірінші жолды асфальттап, мұнан кейін оны қайта қазып су құбырын жүргізу екі шығын болса, екіншіден бұзылған жолға қайта қаражат қарастырылмайтыны, ол жол қайтадан жөнделмейтіні анық. Сол себептен, бірінші су құбыры, содан соң жол мәселесіне көшу ұйғарылды. Ал, ауылды газдандыру мәселесіне келер болсақ, көгілдір отын ауыл шетіне дейін келетіні, ауыл ішіне, көшелерге газ құбырын жүргізу тұрғындардың көгілдір отынға қосылу белсенділігіне байланысты екендігі, өйткені, ауыл ішіне газ құбырын тарту тұрғындардың газға қосылу құнынан түскен қаражат есебінен жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Канал тазалығы бойынша «КазСушар» мекемесі каналдарды кезекпен тазалайтыны айтылғанымен, суды бөгеп тұрған канал ортасындағы заңсыз орнатылған гидроқұрылғыны алып тастауды су шаруашылығы мекемесінің маманына ескертіп, бұл мәселені полиция қызметі арқылы болса да шешу қажеттігін жеткізді. Мектеп жолын жарықтандыруды округ әкіміне міндеттесе, ескірген электр бағандарын ауыстыру немесе жөндеуді аудан әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысына тапсырды.
Осылайша Ж.Айтақов: «Халықтың тұрмыстық ахуалын арттыру, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру ең күрделі әрі бірінші кезектегі мәселе. Ендігі мақсат көтерілген мәселелердің шешімін табу болғандықтан, мен осы бағытта жұмыс жасайтын боламын. Өйткені, құрғақ уәдемен күн өткізудің заманы өтіп кетті. Дегенмен, бар мәселе уақыт пен қаражатқа байланысты. Осы екеуі үйлесімін тауып жатса, қордаланған проблемаларды біртіндеп ретке келтіруге болады»,-деп жұртшылықтың жанарына үміт отын сеуіп кетті.
Пікір қалдыру