«Медеу» мұз айдынының маңына Алматыдағы еліміздің ең үлкен Туы тігілді. Көк байрақты көтеру салтанатына есімдері елге белгілі спортшылар мен қаладағы жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
– Мемлекеттік туымызды Алматының төрінде желбіретуіміздің ерекше мәні бар. Елбасы айтқандай, Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Осы жерде Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігімізді жария етіп, қастерлі мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз бен ұлттық теңгеміз қабылданды. Ал «Медеу» – еліміздің және шетелдік талай спорт саңлағының әлемдік рекордына куә болған әсем де, даңқты мекен. Дәл осы жерде Азияда және Универсиада өткенін білесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Көк байрағымыз көкке көтерілгенде, еліміз үшін, Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген барлық жетістіктеріміз үшін кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді». Елтаңбамыз елдік бен еркіндіктен бастау алған рухымызды аспандатып, айбынымызды асыра түссін! Әуезді Әнұранымыз мәңгі шырқалып, арман-аңсарымызды көкке самғата берсін! Байтақ Отанымыз, қасиетті Қазақ елі күн сөнгенше сөнбесін! Әрқашан көк Туымыз көгімізде желбірей берсін, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Салтанатты шарада сөз алған Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров спорттың арқасында дүниежүзінің талай жерін аралағанымен, Қазақстаннан артық мекен жоқ екеніне көзі жеткенін айтты.
– Кең байтақ қазақ жерін әлемге танытатын, мемлекетімізді алдыңғы қатарлы ел ететін де сендерсіңдер. Даңқты спортшыларымыздың жолын жалғап, шетелдерде әнұранымызды шырқатып, көк байрағымызды желбірететін де өздерің. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына барлығымыз бір кісідей атсаласайық! – деді ардагер спортшы.
Айта кету керек, еліміздің Ұлттық Баскетбол федерациясы Мемлекеттік Туды Медеуге орнату туралы бастама көтерген-ді. Бұл бастамаға «Nur Otan» партиясы мен Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетті. Тудың биіктігі 40 метр, ал көлемі – 7 де 14 метр.
Пікір қалдыру