Семейде Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 74 маусымашар концерті өтті. Өнердің қарашаңырағы саналатын ұжымның іргетасы құрылғаннан бастап өнерпаздар алыс-жақын шетелдерді тәнті етіп келеді. Ал, биылғы маусымашар "Рухани жаңғыру", "Жастар жылы" және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылып, қалың көрерменге ұсынылды. Әрдайым тың жаңалықтарымен көрерменді таңғалдырып жүрген ұжым бірнеше елдерде гастрольлік сапармен болған.
– Бүгін айтулы күн. Баршамызға ортақ мереке. Өйткені, үлкен ұжымның көрермен алдында сыналуы, өнерлерін көрсетуі оңай емес. Бірнеше айдың дайындығын бір демде халыққа ұсыну біздің басты мақсатымыз. Филармонияның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері өте көп. Олардың жыл сайын шыңдалып, өнердің биігіне ұмтылуларына да көп мүмкіндіктер жасалып жатыр. Биыл ұжым жаңа өнерпаздармен толықты. Олар жоғары білімді, білікті мамандар. Міне, осындай қарқынмен жұмыс атқарсақ, біз бағындырар белестің әлі алда екенін зор сеніммен айтамын, – деді филармония директоры Адай Азаматов.
Концерттік бағдарлама тақырыпқа сай театрлық қойылыммен және әншілердің "Тойбастар" әнімен басталды. "Бибігүл" қазақ халық аспаптары оркестрінің орындаған күмбірлеген күйіне, "Тұмар" би ансамблінің мың бұралған бишілерінің биіне, жоғары деңгейде өнер көрсеткен әншілердің өнеріне қол соқпаған жан қалмады. Концерттің жоғары дәрежеде өтуіне, ұйымдастырылуына мұрындық болып, режиссерлық қырымен танылған – әнші, композитор Гүлдана Ноғайбаева.
Айта кетейік, ұжым қараша айының аяғында Моңғолия еліне жұмыс сапармен бармақ. Ал, жылдың соңына қарай филармонияның фольклорлық ансамблі Майами қаласына барып, өнер көрсетпек.
Семей қаласының ақпараттық орталығы
Пікір қалдыру