13 қазанда Jasyl Almaty көгалдандыру акциясы аясында Көк Төбе тауында Сиверс алмасының көшеттері мен «Қазақстан», «Нұрсұлтан Назарбаев» сорттарының қызғалдақтары отырғызылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Көгалдандыру акциясына 500-ге жуық адам қатысса, оның 200-ге жуығы студенттер болды. Барлығы 40 мың Сиверс алма ағаштары мен «Қазақстан», «Нұрсұлтан Назарбаев» сұрыптарындағы қызғалдақтардың 500 мың данасы отырғызылды.
Қалалық жасыл экономика басқармасы мамандарының айтуынша, көшеттерді отырғызу жұмысы арнайы алаңдарда жүзеге асырылып, әр көшет бір-бірінен төрт метр қашықтықта орналастырылды. Алаңдар таудың етегінде каскад бойынша орналасқан.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың ұйытқы болуымен қолға алынған Jasyl Almaty көгалдандыру акциясының маңыздылығына тоқталды.
«Акция басталғаннан бері ондаған мың ағаштың көшеттері отырғызылды. Бұл – қаланың жасыл қоры толығып, экологиялық жағдайы жақсарып, ауасы да біршама тазара түседі деген сөз», - деді Е. Бабақұмаров.
Көк Төбе тауының баурайы тамыз айында болған өрттен зардап шеккен еді. Бүгінгі акцияның арқасында ботаник Сиверстің құрметіне аталған жабайы алманың популяциясы қалпына келтірілмек. Алманың бұл түрі туралы алғаш рет 1793 жылы айтылды.
Естеріңізде болса, бұған дейін Б. Сағынтаевтың қатысуымен Мохнатка тауында Шренк шыршасының көшеттері отырғызылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл аймақ та қатты дауылдан зардап шеккен еді.
Кеше, 12 қазанда қаланың 110 мектебінде төрт мыңнан астам ағаш түрінің көшеттері отырғызылды.
Жалпы, үш жылға жоспарланған Jasyl Almaty жобасы аясында қала бойынша кемінде миллион ағаш отырғызу маңыздылығы тұр. Бұл жұмыстар ең алдымен, Алатау, Наурызбай, Жетісу, Алмалы аудандарында жүргізілмек. Мамандардың бағалауы бойынша, қазір Алматыда 2,2 миллион ағаш болса, оның 550 мыңы ауру әрі апатты жағдайда.
Қаланы көгалдандыруға барлық экологиялық ҮЕҰ мен азаматтық белсенділер, бизнес өкілдері және қалалықтар тартылуда.
Пікір қалдыру