Елбасы Н.Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасынан кейін бұл бағыттағы жұмыстардың жандана түскендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Соның нәтижесінде жер-жерде жаңа нысандар салынып, әртүрлі деңгейдегі жарыстардың да қатары артты. Бұл тұрғыда Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында да мақтауға тұрарлық тірліктер көптеп атқарылуда.
2019 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша аталмыш ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 15547 адамды құрады. Бұл жалпы халықтан 29,6 пайызы деген сөз.
Аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөліміне бағынысты спорт мектептерінде 2019 жылдың 1 шілдесіне 1548 шұғылданушы оқушылар тіркелді. Бұл Жуалы ауданы бойынша жалпы 7-18 жас аралығындағы балалардың 15,0 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар Жуалы ауданы бойынша 112 спорт нысаны анықталды. Оның ішінде 1 стадион, 1 спорт кешені, 38 спорт зал, 11 футбол алаңы, 61 спорт алаңшасы бар. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Көкбастау, Күреңбел, Қызыларық ауылдық округтерінде «Street Workout» алаңшалары пайдалануға берілді. Сондай-ақ 2020 жылы облыстық бюджет есебінен 130 000,0 мың теңгеге Б. Момышұлы ауылында спорт кешенін салу, Кәріқорған ауылындағы спорт зал 62 000,0 мың теңгеге және Қайрат ауылындағы спорт зал 46 000,0 мың теңгеге қайта жаңғыртылады деп күтілуде.
Спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындарына спортпен айналысуы үшін қолжетімді. Спорт нысандарының ауыл тұрғындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету кестесі әзірленіп, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
Айта кету керек, ағымдағы жылы бұқаралық, ұлттық спортты дамытуға және облыстық жарыстарға аудан командаларын қатыстыру үшін 13,200 мың теңге бөлініп, игерілуде. Жалпы, аудандағы 2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен 1 бокс мектебінде барлығы 97 адам қызмет етеді. Оның ішінде 44 жаттықтырушы бар. Аудандағы 14 ауылдық округте спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушы жұмыс істеп, бұқаралық спорттың дамуына өз үлестерін қосуда.
Жалпы аудан бойынша 2018 жылдың аяғында жалпы білім беру мекемелерінде барлығы 135 дене шынықтыру саласының мұғалімдері тіркелсе, оның 7-і әйел адамдары, кәсіби техникалық мектептің мұғалімдері 3 адам.
Аудан бойынша жалпы білім беру мекемелерінде 7 спорт түрі бойынша 211 үйірмелер жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 6969 оқушы қамтылған.
Пікір қалдыру