Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин Қазақстанда құрылғалы жатқан жаңа партияға қатысты пікір білдірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Қазір Лондонда тұратын саясаткер "Тәуелсіз политон клубына" сұхбат берді.
– Қалыптасқан жағдайды өзгерту керек. Қазіргі жағдай халыққа қарсы. Халықтың мүддесіне қарсы. Бұл жүйені әрі кетсе 250-300 шақты азамат, шіріген бай, намыссыз, арсыздар басқарып отыр. Сол қалыптасқан жүйені өзгерту үшін партия керек. Сол үшін бізге Бергейлер, Жанболаттар керек. Назарбаев "барлығын шетелге қуып шықтым, ұйқым тыныш, жағдайым жақсы" деп ойлап отыр ғой. Оның ойлағаны іске аспайды. Мен бірнеше рет билікке жастар келеді деп айтқанмын. Айтқаным дәл келді. Қазіргі жүйені, жағдайды өзгерту керек, – дейді Қажыгелдин.
Сонымен қатар, Әкежан Қажыгелдин жүйені өзгерту үшін жастар бірігуі керектігін айтты.
– Жастар жиналуы қажет. Бір емес, екі немесе үш партия ашылуы керек. Жаңа партияға мұқтажбыз. Бірігіп бір бағдарлама жасауы керек. Қандай бағдарлама? Билікті өзгерту, Конституцияны өзгерту ең басты бағдарлама болуы керек. Өзіміз 18 млн ғана халықпыз. Екі-үш партия бірігіп, сайлауға қатысса, жетіп артылады. Тек бірлік қажет. Партиялардың ең басты қателігін айта кетейін. Көпшілігі біз оппозициялық партиямыз дейді. Бірақ жер көтерілісінде халықты ойлайтын партиялар қайда болды? Жаңаөзенде қантөгіс болған кезде партиялар қайда қалды? Сол кезде үн қатып, елдің жағдайына алаңдаған Жанболат секілді жастар болатын. Міне, солар саясатқа араласып, партия құруы керек. Макс та өмір бойы түрмеде отырмайды. Ол да жақында бостандыққа шығады. Міне, халықты жетектейтін жігіттер. Бергей бар. Жанболат бар. 9 маусымдағы жағдай естеріңізде шығар?! Жігіттер көшеге шықты. Бүгін намысты қолдан бермейтін жас жігіттер бар. Біз де қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Халықтың аузынан жырып алған ұшақтарын, яхталарын, сарайларын көрсете аламыз, – дейді Әкежан Қажыгелдин.
Сұхбат соңында Әкежан қажыгелдин шетелдегі қазақтардың қосылып, маңызды істі бастағанын айтты.
– Қолдан келгенше, 2 жылдай "Жаңа Қазақстан" деген қозғалыстың жұмыстарын жасадық. Қазір шетелдегі қазақтарды қолдайтын "Загранбюро" деген ұйым бар. Бәріміз басымызды қосып бірнеше маңызды, үлкен іс қозғап жатырмыз. Мұны АҚШ-тағы Сенат арқылы Ұлыбританияда бастаған болатынбыз. Біз сотқа немесе органдарға барамыз. Болмай бара жатса, Парламентке дейін жетеміз. Біз Қазақстандағы шенділердің шетелдік банкілердегі мүлкілері мен ақшаларын конфискация жасауға тырысып жатырмыз. Егер ойлағанымыз іске асса, келешекте Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік болады. Қазір қолымыздан келгені осы. Кезінде Назарбаев халықты қорқытып, жастарға "әрбіреуіңді жетектеп сотқа апарамын" деп айтып еді. Ал біз Назарбаевтың өзін сотқа апарамыз. Осыны іске асырамыз, – дейді Қажыгелдин.
Қажыгелдин бұл істе нәтиже барын да айтып өтті.
– Ең бірінші Дариға Назарбаевадан бастайық. Нәтиже жоқ емес. Жақында еститін боласыздар, – деп қысқа қайырды Қажыгелдин.
Саясаткер билік жаңа партияны тіркемесе, халықтың көшеге шығу керектігін айтты.
– Партияны тіркеу, тіркемеу партия мүшелерінің қолында. Егер тіркеуден өтпесе, көшеге шығайық, үндеу жасайық. Қазақстандағы шетелдегі елшіліктерге бару керек. Себебі ОБСЕ мүшесі, Қазақстан Еуропадағы қарым-қатынасты нығайтқысы келеді. Сол жаққа жақсы көрінгісі келеді. Біз де көмектесеміз. Қолда қару бар. Тек дұрыстап қолдануымыз керек. Кезінде Республикалық партияны да тіркеді. Біз барлық күшімізді салдық. Осы жолы да тіркейді. Қайда барады? Егер бірігіп жұмыс істесек, билік тіркейтін болады. Тек арыз жазып қана құрқол отырмауымыз керек. Көшеге шығуға да дайын болған жөн. Сол кезде партияның күшін көрсетеміз. Жай ғана қағаздағы партия мүшелері емес, партияның жетекшілері, лидерлері алаңға шығамыз деп шақырып, келесі күні адамдардың барлығы алаңға шықсағ партия бар деген сөз. Ешкім алаңға шықпаса партияның жоғын білдіреді, – деп сөзін аяқтады Әкежан Қажыгелдин.
Пікір қалдыру