Тоқаев Алматыда не істейтін болады?

/image/2019/10/29/crop-3_177_645x859_74313601_2384858598304225_1682835304026734592_n-1.jpg

Қ.Тоқаевтың сапары Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысынан басталды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.

Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған қастерлі мекен екенін айтқан президент Алматының ерекше орнын атап өтті.

– Мұнда ел тағдырына қатысты маңызды әрі тарихи шешімдер қабылданды. Ата заңымыз, мемлекеттік рәміздер, ұлттық валютамыз осында бекітілді. Бүгінде Алматы білім, ғылым, мәдениет және іскерлік орталығы ретінде дамып келеді. Соңғы жылдары қалаға жаңа аумақтар қосылып, көлемі 2 есеге ұлғайды. Халқының саны 20 пайызға өсіп, бір миллион сегіз жүз мың адамға жетті. Қалада басқа өңірлерден келген және осы төңіректе тұратын жарты миллионға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда ішкі жалпы өнімінің үштен бірі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі екеніне назар аударды.

– Алматы тәуелсіздік жылдары ірі экономикалық орталыққа және республикалық бюджеттің донорына айналды. Шаһар ішкі жалпы өнімнің бестен бірін, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің 20 пайыздан астамын және банктер беретін несиенің 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, еліміздегі көтерме және бөлшек сауданың 40 пайыздан астамы, сыртқы сауда айналымының 15 пайызға жуығы осы қалада жүргізіледі. Қала инвесторлар үшін қолайлы ірі өңірлік орталыққа айналды. Қазір Алматыда банктердің, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан.

Президент сапар аясында "Жаңа Алматы" бағдарламасының тұсаукесерімен танысып, "Балалар үйінің" тәрбиеленушілеріне пәтер кілттерін табыс етіп, Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңеске қатысады.

Сонымен қатар «Tech Garden» инновациялық кластерінің жұмысымен, Инвестиция үйінің тыныс-тіршілігімен танысады. Бұдан бөлек әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне барып, онда оқу корпусы мен "Керемет" студенттерге қызмет көрсету орталығында болады.

Жұмыс сапарының екінші күнінде Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында бірқатар кездесулер өткізеді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар