Атаулы әлеуметтік көмек беру кезінде алаяқтыққа жол бермеу мақсатында заң жобасы әзірленді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, биыл атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгеріп, оны алатын азаматтардың саны артқаннан кейін жәрдемақыны тағайындау жағынан бірқатар кемшілік жіберілген. Осыны пайдаланған көптеген адам өз табысын жасырып, әлеуметтік көмекті алып келген.
"Қазіргі кезде азамат атаулы әлеуметтік көмекке өтініш қана береді. Қалған анықтаманың барлығы ақпараттық жүйе арқылы реттеледі. Иә, бұған дейін өз табысын жасырған 74 000 отбасыны анықтадық. Сосын жақсы үйде тұратын және көлік мінетін адамдар да "АСП" алып келген. Табысымыз жоқ дейді. Қалай жоқ? Екіқабатты коттеджің болса, әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардан айырмашылығың бар ғой", - деді Нұрымбетов "Nur Otan-ның" қоғамдық қабылдауында.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда учаскелік комиссиялардың жұмысы күшейтіліп жатыр. Комиссия мүшелері өтініш берген адамға барып, оның жағдайын анықтауы қажет.
"Біз учаскелік комиссияларға заңнама тұрғысынан тиісті жағдайды жасап жатырмыз. Олар "АСП-ға" өтініш берген адамдардың жағдайын тексеріп үлгеруі керек. Сондықтан заңға тиісті талаптарды енгізіп отырмыз. Ол адамның үлкен үйі болса, оған "АСП-ны" бермеген дұрыс шығар", - деп атап көрсетті Нұрымбетов.
Оның пікірінше, мұндай көмекті табысы кедейшілік шегінен төмен азаматтар ғана алуы қажет.
"2002 жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек осы санаттағы адамдарға ғана үстемақы ретінде төленіп келді. Сондықтан біз сол жүйені қайтарып жатырмыз. Мәжіліске жаңа заң жобасын енгіздік. Құдай қаласа, жаңа жалдан бастап "АСП-ны" төлеу жүйесін ретке келтіреміз", - деп түйіндеді министр.
Пікір қалдыру