Автокөлік қуаты қозғалтқыш көлеміне тәуелді. Қозғалтқыш көлемі үлкендер "желісті" келетіні белгілі. Бірақ оның құны да арзан емес. Сондай-ақ көлемді қозғалтқыштардың отын шығысы көбірек, салығы жоғарырақ. Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының мамандары зерттеу жүргізіп, қазақстандықтар үшін қозғалтқыштың қандай көлемі ұнамды екенін анықтады.
2019 жылдың тамыз айындағы дерекке сәйкес Қазақстанда 3 698 309 автокөлік тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 5,5 пайызға кем. Ең көп көлік саны Алматы облысында – 489 294. Санына қарай екінші орында Алматы (466 886), үштікте Шығыс Қазақстан облысы (296 080) жайғасқан.
Қазақстандағы автокөліктердің көбінің (64,8%) шығарылған мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Шыққанына 3 пен 7 жыл болған машиналар үлесі 15,7 пайыз. Зауыттан шыққанына 3 жылдан аспайтын машиналар саны елімізде одан да аз – 10,4%.
Қазақстандықтардың дені қозғалтқыш көлемі 1 500 – 2 000 текше см машиналарды таңдайды екен. Бұндай қозғалтқыш көлемдегі автокөліктер саны 1 711 633. Бұл – тіркелген барлық машиналар санының жартысын құрайды (46,3%). Танымалдылығы бойынша екінші орында – қозғалтқыш көлемі 1100 – 1500 текше см. көліктер ( 667 951, 18,1%). Аталған қозғалтқыш көлемі бар автокөліктер "қалалық" деп танылады. Себебі, қалалық жүргізушілер үшін машинаның қуаты емес, отын пайдалану шығысы маңыздырақ.
Танымалдылығы бойынша үшінші орында – қозғалтқыш көлемі 2 000 – 2 500 текше см. дейін автомашиналары (16,7%).
Қозғалтқыш көлемінің үш түрі: 3 000 – 4 000 текше см (3,3%), 4 000 – 10 000 текше см (1,9%) және 1 100 текше см дейінгі (1,3%) көліктер көп кездеспейді.
Пікір қалдыру