Көп балалы аналар бизнес бастау үшін жарты миллион теңге ала алады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі astanatv.kz сайтына сілтеме жасап.
Жоба "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жұмыспен қамту орталықтары жәрдемақы төлеумен қатар, қыз-келіншектерді жұмысқа орналастыруға немесе арнайы курстарда жаңа кәсіпті игеруге көмектеседі. Олар оқу барысында бизнес жүргізу негіздерін үйренеді.
Халида Махмутова бес баланы тәрбиелеп отырған ана. Ол Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімдігінің қолдауымен "көп балалы аналар" қорын ашты. Қазір оқу курсатынан өтіп, табыс табудың тиімді жолдарын алу мәселелері бойынша әйелдерге кеңес береді. Халиданың өзі де мемлекеттің қолдауының арқасында отбасын асырап отырған жандардың бірі.
Халида Махмутова, көпбалалы ана: Мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау мен сияқты бес баласы бар ана үшін үлкен көмек. Мемлекет бөлген қаражатты баларымның игілігі үшін жұмсадым. Қазір бірі ағылшын тілін курсына барса, екіншісі футбол үйірмесіне қатысып жүр.
Көп балалы ана жақын арада қайтарымсыз грантқа ие болуы мүмкін. Оқуды аяқтаған соң, мемлекет тарапынан жарты миллион теңге көлемінде ақша бөлінбек. Болашақта ол массажист мамандығын игеріп, жеке медициналық кабинет ашуды армандайды.
Халида Махмутова, көпбала ана: "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палаты "Бизнес бастау" жобасы бойынша массажист мамандығын оқып шықтым. Бизнес-тренерлер бізді кәсіпкерлік негіздерін оқытып, маркетингті қалай жасау керектігін үйретті. Сондай-ақ стипендия да алдым. Оқуды аяқтайтын кезде өзіміздің жүргізгіміз келген кәсіп бойынша бизнес жоспарымызды қорғадық.
Алматылық Анар Қылышева үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана. Жалғызбасты ана осы уақыт дейін жұмыссыз болыпты. Бірақ ол Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне жүгінгеннен соң жағдай өзгерген. Мамандар Анарды «бақылаушы-кассир» мамандығы бойынша қысқа мерзімді курсқа жіберді. 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы алады. Бұдан бөлек мемлекет тарапынан балаларына атаулы әлеуметтік көмек төленеді.
Анар Қылышова, жалғызбасты ана: 3 ай курс оқыдым.Қазірде оқып жатырмын «Интерпринт» деген. Ол жерде «Контролер-кассир» мамандығын оқып жатырмын. Олар өздері оқытамыз, жұмысқа орналастырамыз деді. Менің оқып жатқан оқуым, жасап жатқан жұмысым бәрі жақсы.
Алматыда атаулы әлеуметтік көмек алатын 11 736 отбасы бар. Төлемдердің арқасында көп балалы ата-аналардың материалдық жағдайын ретке келтіруге мүмкіндік туды. Жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік қолдауға ие болуды да ұсынады. "Еңбек" бағдарламасы аясында алматылықтарды жұмысқа орналастырады, кәсіби курстарда оқытады және оларға бизнесті дамыту үшін қайтарымсыз гранттар береді. Айта кетерлік жайт, 2020 жылдан бастап көп балалы аналарға табыс деңгейіне қарамастан бала басына 10 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленбек. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығына хабарласып, әлеуметтік көмек алып қана қоймай, көп балалы және аз қамтылған азаматтар өздері табыс табуға мүмкіндік алып, материалдық жағдайдын жақсарта алады. Отбасы құрамында жоғары оқу орындары мен колледж студенттері болған жағдайда, олар жастар практикасына қатысуға шақырылады.
Пікір қалдыру