Демалыс күндері Ақмола облысының аумағында болған жол апаттары салдарынан 3 адам қаза тапты. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның мәлімдеуінше, жол апаты Атбасар ауданы аумағы арқылы өтетін "Алматы-Екатеринбург" тасжолының Адыр стансасы маңында болды.
"Сандықтау ауданының тұрғыны "ВАЗ 21074" көлігінің руліне ие бола алмай қалып, жолдың қарсы бетінде келе жатқан "Toyota Highlander" автокөлігімен соқтысты. Салдарынан "ВАЗ 21074" машинасының 59 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал екінші көлікті тізгіндеген Қостанай облысының тұрғыны – дін-аман. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу жүргізілуде", – деді ПД баспасөз хатшысы Гүлнәр Пинчук.
Ал Ақкөл ауданында "Hyundai Elantra" және "Toyota Carina" соқтығысып, соңғы көліктің 42 жастағы жүргізушісі мен оның жолаушысы – 6 жасар бала қаза тапты. Қос көлікте болған тағы екі адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
"Белгілі болғандай, "Hyundai Elantra" көлігінің 53 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп толықтырды Г.Пинчук.
Осы орайда, полицейлер боранды күндері және жолдағы көктайғаққа байланысты ақмолалықтарды жолға шыққанда сақ болуға шақырады.
Пікір қалдыру