Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов Алматы әуежайын түрік компаниясына сату жоспарда бар екенін айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Қазір бір түрік компаниясымен келіссөздер жүріп жатыр. Қазіргі уақытта мен түсініктеме бере алмаймын, бұл әзірге аяқталмаған мәміле. Алматы әуежайы жеке компанияның иелігінде, сондықтан оны іске асыру жалғасуда. Келісуді қажет ететін пункттерді Азаматтық авиация комитеті орындайды", - деді министр үкімет отырысынан кейін.
Атамқұлов бұл қадам қызмет көрсету сапасына әсер ететіндігін және қосымша инвестициялар тартылатындығын айтты.
"Менің білуімше, бірнеше әуежайлары бар компания кіреді. Франциядағы екі әуежай бар сияқты. Алматы әуежайы - Орталық Азиядағы ең үлкен әуежайлардың бірі. Бізге жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жолаушылар терминалын жаңарту және қайта құру қажет, өйткені Алматы әуежайы арқылы жолаушылар тасымалы жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, жақында министрліктің «ашық аспан» туралы бұйрығы қабылданды, бұл бағыттарды көбейтеді", - деді Бейбіт Атамқұлов.
Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Алматы халықаралық әуежайының 100 пайыз акциясы нидерландиялық "Venus Airport Investment B.V" компаниясына тиесілі.
Пікір қалдыру