ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданы Қостөбе ауылдық округіндегі жаңадан пайдалануға берілген алғашқы медицина-санитарлық көмек көрсету нысанына ат басын бұрды. Онда осы бағытта атқарылып жатқан жатқан жұмыстар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов баяндады. Ол былтыр жүргізілген зерделеу шараларының нәтижесінде өңірде осындай 95 нысанның қажет екені анықталғанын жеткізді. Бұл мәселе облыс әкімінің тапсырмасына орай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биыл толығымен шешімін таппақ екен.
«Өткен жылы 30 алғашқы медицина-санитарлық көмек көрсету нысаны салынса, биыл 65 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Айта кетейік, 95 нысанның алғашқы құны оңтайландыру арқылы 2-3 есе арзандатылды. Бұрындары әр жыл сайын осындай 10 нысан ғана салынып келсе, оңтайландыру нәтижесінде бұл мәселе небәрі 2 жылда шешілгелі отыр»,-деді басқарма басшысы. Сонымен қатар, вице-премьерге бұл бағытта мердігерлер жауакершілігі күшейтіліп, кепілдік мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайғаны, айыппұл мөлшері 4 есе көбейгені айтылды.
Пікір қалдыру