«Nur Otan» партиясының электоралдық рейтингі 65,8 пайызға дейін өсті

/image/2019/11/20/crop-143_-72_778x1037_whatsapp-image-2019-11-20-at-16.23.40.jpeg

Қоғамдық саясат институты қараша айында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін жариялады. Баспасөз-брифингі барысында журналистерге қоғамдық пікірді бағалаудың негізгі көрсеткіштері осы жылдың тамыз айындағы көрсеткіштермен салыстыра отырып ұсынылды. Сондай-ақ қазақстандықтар «Nur Otan» партиясынан не күтетін туралы да сөз болды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Институт директоры Юлия Кучинскаяның мәлімдеуінше, сауалнама қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы бірінші кезекте бақылауға алуы тиіс аймақтардағы ең негізгі 5 мәселе анықталды. Атап айтқанда, бұл – жалақыны көтеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу, сонымен қатар, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес.

«Қарашада біз қоғамдық-саяси ахуал мен нақты «Nur Otan» партиясына деген пікірге кезекті рет зерттеу жүргіздік. Сауалнамаға еліміздің барлық аймақтарының респонденттері қатысып, ол «face to facе» (бетпе-бет) түрінде жүргізілді. Партия рейтингісінің динамикасын зерделеуге, оның қызметін бағалауға, қазақстандықтардың партиядан не күтетіндігіне басты назар аударылды», - деді Юлия Кучинская.

Оның айтуынша, партияның жұмысын қайта жандандыру туралы хабарланғаннан бері арада аз уақыт өтсе де, сауалнамалар оң өзгерістерді көрсетті. «Nur Otan»-ның электоралдық рейтингі 10% өсті.

«Жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге сүйене отырып, егер партия халықпен диалог орнатып, тұрғындар алдында үнемі есеп беріп, тың бастамалар көтерсе және сайлауға қарапайым халықтың өз ішінен шыққан адамдарды ұсынатын болса, қазақстандықтар «Nur Otan»-ды қолдауға дайын деп қорытынды жасауға болады. Мұның барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған қайта жандандыру аясында, соңғы бірнеше ай бойы «Nur Otan» жүзеге асырып келе жатқан негізгі бағыттар. «Nur Otan»-ның электоралдық рейтингі 10% өсті. Тамыз айында сауалнамаға қатысқандардың 55,3% сайлауда партияны қолдауға дайын болса, ал қазір азаматтардың 65,8% «Nur Otan»-ға дауыс беруге ниетті», - деді ол.

Сонымен қатар, Юлии Кучинская «Nur Otan» партиясы азаматтар өз құқықтары бұзылған жағдайда шағымданатын топ-5 институттың қатарынан ойып орын алғанын айтты. Бұл бестіктің көшін 45,4 пайызбен сот жүйесі бастаса, ал екінші орында 27,2 пайызбен «Nur Otan» партиясы тұр. Мұның өзі азаматтардың партияға деген сенімін көрсетеді.

«Жалпы, сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші адам партияның жұмысы соңғы 6 айда айтарлықтай жақсарғанын жеткізді. Олардың 41,8% партия халық үшін өзекті мәселелерді көтереді деп есептейді. Бұл сондай-ақ, аймақтардағы жұмыс қарқынының артуымен де байланысты. 14 қала мен ауданда партияның кадрлық резервіне пилоттық режимде іріктеу жүргізілді. Барлық елді мекендерде түйіткілді мәселелер мен оларды шешу жолдарының картасын жасау жұмыстары басталды. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, балалардың, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың құқықтарын қорғау жөніндегі партиялық құрылымдардың жұмысын күшейту де назардан тыс қалған жоқ», - деп толықтырды Қоғамдық саясат институтының мамандары.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар