Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында «Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының жылы» эгидасының аясында қазақстандық медицина күндері өтіп жатыр. Үкіметаралық келісімдердің шеңберінде ұйымдастырылған бұл іс-шараның басты мақсаты – екі республиканың денсаулық сақтау, медициналық білім беру жүйелерінің диалогын дамыту және нығайту, сондай-ақ ауруларды жаңа технологиялар арқылы диагностикалау және емдеу бойынша тәжірибе алмасу, – деп хабарлайды А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының баспасөз қызметі.
Ұлттық орталықтардың, жоғарғы оқу орындарының, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерінен тұратын қазақстандық делегацияны Денсаулық сақтау министрі Біртанов Елжан Амантайұлы бастап барды.
А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының делегациясының құрамында орталықтың жетекші мамандары бар: интервенциялық кардиология бөлімінің меңгерушісі, PhD Байымбетов Әділ Құдайбергенұлы, эндоскопия бөлімінің меңгерушісі, денсаулық сақтау магистрі Абдрашев Ерлан Байтөреұлы, урология және бүйрек трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Ибрагимов Равиль Пашаевич, аға ғылыми қызметкер, профессор Ілиясова Бибігүл Сапарбекқызы, гинекологиялық бөлімнің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Үсенов Қадыржан Маратұлы, жоғары санатты гинеколог дәрігер Чупин Александр Николаевич, стратегиялық блоктың жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Міржақыпов Арман Төлегенұлы. Орталық делегациясын Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ДСМ-нің бас хирургы Баймаханов Болатбек Бимендеұлы бастап барды.
Осы іс-шараның аясында орталық мамандары өз жетістіктері мен табыстарын Өзбекстанның практикалық денсаулық сақтау өкілдерінің назарына ұсынды.
Жоғары деңгейдегі сессияда Басқарма төрағасы Баймаханов Болатбек Бимендеұлы «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының медициналық технологиялар саласындағы жетістіктері» тақырыбында баяндама жасады.
В.Вахидов атындағы Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық хирургия орталығы, Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық кардиология орталығы, ӨР ДСМ-нің жұқпалы аурулар және вирусология Ғылыми-зерттеу институты, ӨР ДСМ-нің Республикалық перинатальдық орталығы сияқты Өзбекстан Республикасының ірі ұлттық орталықтарымен серіктестік туралы меморандумдар бекітілді.
Форумның екінші күні А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның мамандары бірнеше шеберлік сабақтарын өткізді:
Профессор Баймаханов Б.Б. «тірі туыстық донордан бүйректі трансплантациялау кезіндегі лапароскопиялық мануальдық-ассистендірілген нефрэктомия» бірегей отасын жасады.
Интервенциялық кардиология бөлімінің меңгерушісі, PhD Байымбетов Ә.Қ. «Катетерлік радиожиіліктік абляция» тахикардиясының күрделі формаларына бірнеше ота жасап, «Жүрек ритмі бұзылыстарын интервенциялық емдеудегі заманауи технологиялар» тақырыбында дәріс оқыды.
Эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Абдрашев Е.Б. үш науқастың асқазанындағы эпителиальдық өсінділерді эндоскопиялық жолмен алып тастау отасын сәтті түрде жүзеге асырды.
Гинекологтар тобы 10 миниинвазивті ота (гистерорезекто- және лапароскопиялық операциялар) жүргізді. Жатырдың лапароскопиялық экстирпациясы бойынша бір операция, сондай-ақ торлы протездің орнатылуы арқылы гибридтік үш деңгейлі реконструкция жасалды.
Сонымен қатар HEOS заманауи хирургиялық технологиясы таныстырылды.
Профессор Ілиясова Б.С. вирусология институтында «Гепатологияның өзекті мәселелері» тақырыбында дәріс оқыды. Бірлескен клиникалық талқылаулар барысында бауыр патологиясы бар науқастардың жай-күйін тексеріп, оларға медициналық кеңес берді.
Өткізілген шеберлік сабақтарына өзбекстандық әріптестер ерекше қызығушылық танытып, әрі қарайғы жемісті ынтымақтастыққа жол ашылды.
Пікір қалдыру