Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Арыс тұрғындарынан әлі де шағым түсіп жатқанын айтты, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Дәндібаевтың айтуынша, қала-аумағынан оқ-дәрілердің қалдықтары әлі табылып жатыр. Бірақ, олардың жарылу қаупі жоқ.
"Тұрғындардан әртүрлі шағымдар түседі. Олар оқ-дәрілердің бөлшектерін тауып алғанын айтады. Біз жедел әрекет ету тобымен ол жерге барып, оқ-дәрінің көзін жою үшін оны басқа жерге апарамыз. Қазіргі таңда Арыс қаласының тұрғындарына және елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қорғаныс министрінің орынбасары.
Сондай-ақ ол бүгінде әскери мамандар Арыстағы оқ-дәрілер сақталған базаны тазалауға кіріскенін жеткізді.
"Табылған және тасымалдауға келмейтін фрагметтерді бірден жоямыз. Мамандар тиісті жұмыс жүргізіп, қауіпсіздік шараларын сақтайды. Жарылғыш заттарды жоюға арналған әдістеме бар. Қала инфрақұрылымы мен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін тиісті жұмыс жүргізіледі", – дейді Дәндібаев.
Оның мәлімдеуінше, соңғы уақытта осындай әдіспен оқ-дәрінің 3 фрагменті жойылған.
Еске салсақ, 24 маусым күні Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды.
Пікір қалдыру