Қызық болды. Қызық емес, шыжық болды. Жә, басынан бастайық. Телефонымыз шыр ете қалды. Қоңырау астанадан соғылыпты. Өзін Зайырбек Мұсабековпін деп таныстырған жігіт ағасы амандық-саулықтан соң әңгімесін бірден: "Таяуда Мәшhүр Жүсіп Көпеевтің 20 томдығын сатып алған едім" деп бастады. Әңгіме арасында: "Өзім Мұхтар Шахановтың жанкүйерімін, әрі талай өлеңдерін жатқа білемін" деп те қойды. "Сол жатқа білгенімнің арқасы ғой, әлгі Мәшекең көптомдығының 16-шы томын ашып қалсам, Мұхтар ағамыздың "Жаңғырық" атты поэмасы көзіме оттай басылды" деді. Мен өз тарапымнан: "Сонда Мұхаңның поэмасы Мәшекеңнің атынан жарияланған ба?" деп сұрадым. Ол: "Иә" деп жауап қатты. Содан кейін-ақ мән-жайға одан әрі қаныға түстім. Тап сол кезде бөлмеме Мұхаңның өзі де бас сұға қалды. Ол кісіге жағдайды екі ауыз сөзбен түсіндірдім де, телефонды қолына ұстата қойдым. Әңгімеге қаныққан Мұхаң: "Сонда мен ол поэманы Мәшекеңнен байқатпай ұрлап алған болып шығамын ба?" деді. Арғы жақтағы дауыс: "Солай болатын сияқты" десе керек. Мұхаң: "Мен біреуден бір жол өлең ұрлағанша асылып өле салмаймын ба?!" деді де телефонды қайтадан өзіме ұсынды. Мен Зайырбекке: "Әлгі кітаптың бізге қатысты жерлерін суретке түсіріп жіберіңіз" дедім. Іле Зайырбектің жіберген мәліметтері телефоныма түсе бастады.
20 томдық кітап 2013 жылы жарыққа шыққан екен. Кітапты Мәшекең ұрпақтары құрастырған көрінеді. Бас редакторы - Ерлан Арын. Ол кісі кітапқа Павлодар облысына әкім болып тұрған кезде қолғабыс жасаса керек. Редакцияның алқа мүшелері де өңшең ығай мен сығайлар. Кітапта М. Шахановтың "Жаңғырық" поэмасы "Жүдей хан мен Ақсақ темір" өлеңі деп беріліпті. "Өлең әулеттік мұрағаттағы Әшім Қарақызұлы көшірмесінен алынды" делінген. Енді аталмыш өлеңнің Мәшекеңдікі екендігіне күмән қалдырмаған. Тіпті Мұхтар Шаханов туралы бір ауыз сөз жоқ. Ең болмаса: "Шаханов та осы ыңғайда бірдеңке жазған" десе, болмаса: "Ұрлап алған" деп ашық айтса біз де осы уақытқа дейін бір хабарын білер едік қой. Егер Зайырбек бауырымыз қырағылық танытпағанда бұл мәселе осылайша жабулы күйінде қала берер ме еді, кім білсін?! Бірақ шындық ертеңгі күні бәрібір ашылады ғой. Сол кезде Шахановтың ұрлықшы болып шыға келуі күмәнсіз. Сондықтан мән-жайды анықтау үшін сотқа жүгінуге тура келеді. Ат шапан айыптан бұрын жауапты адамдардың кешірім сұрағаны қымбат. Бәрінен бұрын әділдіктің салтанат құрғаны керек.
Еске түсірейік, М. Шахановтың "Жаңғырық" атты поэмасын көп жұрт жатқа біледі. Поэмадағы оқиға сән-салтанаты жарасқан бір ханның алдын аяғы ауыр әйелдің байқамай кесіп өтуі арқылы өрбиді ғой. Ашуға мінген хан ол әйелді ішінен теуіп өлтіреді. Алайда жарығы бар бала өмірге келеді. Кейін тарих доңғалағы кері айналады. Іштен ақсақ болып туған бала 17 жылдан соң сол жерде әлгі ханның басын алады. Осы оқиға 20 томдықта Мәшекең атынан өзгеріссіз қайталанады. Қызық! Енді шыжыққа айналып кетпей тұрғанда мәселені шешу керек. Ерлан Арын мырзаның, жалпы 20 томдыққа жауапты адамдардың сотқа дейін айтар уәждері болса кешікпегендері жөн.
Құдияр Біләлдің фейсбук парақшасынан алынды
Пікір қалдыру