Бүгін, 21 желтоқсанда Ақтөбе облысында көліктер жаппай соқтығысып, 8 адам ауруханаға түсті. Оқиға Самара - Шымкент тас жолындағы Хромтау қаласының маңында болған. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департаменттің хабарлауынша, халықаралық тас жолдың 859-шы шақырымында 11 көлік жол апатына ұшыраған.
"Мерседес" автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бағыттағы "Ваз-21115" көлігімен соқтығысқан. Қауіпсіздік үшін полиция барлық көліктің жүруіне тыйым салды. Сол кезде Хромтау қаласынан шыққан "Volvo" жүк көлігі жол жиегінде тұрған 9 көлікке соқтығысқан. Жол-көлік апатының салдарынан 8 адам Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді" - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Осы жылдың 16 қыркүйегінде Самара-Шымкент тас жолының бойында Ақтөбе облысы Бесқопа ауылының маңында екі көлік соқтығысып, алты адам қаза тапқан еді.
Пікір қалдыру