Youtube желісіндегі Аскар Шайгумаров арнасында Орал қаласында Ұлы отан соғысының 75 жылдығын, Сталиннің туғанына 140 жыл толғанын атап өтпек болып, мәңгілік алауға келген коммунистер мен оларға қарсы бір топ азамат арасында болған келіспеушіліктің видеосы жарияланды. Коммунистерге қарсы тарап 1930-1932 жылдары қазақты аштыққа ұшыратып, млн-даған адамның қазасына себепші болған Сталинді дәріптеуге наразылықтарын білдірді. Олардың арасында белгілі заңгер Абзал Құспан да жүр.
Бейнежазбада көрінгендей, қолдарына қызыл жалау, Сталиннің суретін ұстаған бір топ егде жастағы адам мәңгілік алауға қарай беттеп келе жатқан. Коммунистер алауға жақындағанда оларды бір топ азамат қарсы алды. Олардың қолында "Сталин жендет", "Сталинді дәріптеуге жол жоқ", "Сталин өлімі фильмін көруге кеңес берем" деген жазуы бар плакаттар болған. Наразы топ өкілінің бірі коммунистердің қолындағы Сталин суретін таптып алды. Сол сәтте оны полиция қызметкерлері ұстап, алып кетті.
Артынша, жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, подполковник Кенжебек Құспаев наразылық ұйымдастырушылар тарапынан ешқандай қоғамдық тәртіп бұзушылық, бұзақылық болмағанын хабарлайтынын айтты.
Өздерін "Поколение" қоғамдық бірлестігіненбіз деп таныстырған коммунистер атынан сөйлеген адам мемлекет басшысының, Елбасының ұлы отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығын лайықты атап өту туралы нұсқауын қолдайтынын айтты.
– Біз осы нұсқауға үн қосу, лайықты атап өту (жеңістің 75 жылдығын – ред) ойымен бас қостық. Тарихқа үңілсек, көп нәрсенің болғанын көруге болады. Алайда алдымызда мерейтой келе жатқандықтан тек жеңіс туралы, жеңістегі бас қолбасшының (Сталиннің – ред) орны туралы айтқан жөн болар. Саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселе туралы сөз қозғар болсақ, лениншіл-сталиншіл саясаттың арқасында Қазақстан мемлекеттілікке ие болды. О басқа қырғыз, кейін қазақ автономиялы республикасы құрылып, 1936 жылы Сталиннің арқасында тәуелсіз Қазақ социалистік республикасы құрылды. Өндірістік-экономикалық жағын айтар болсам, Қазақстанда жүздеген қала, мыңдаған кәсіпорын, зауыт-фабрика салынды, ауыл шаруашылығы дамыды. Млн-даған қазақстандықтар тегін білім, ем-дом, баспана алды. Барлығында жұмыс, балаларда бақытты балалық шақ, үлкендерде жайлы қарттық өмір болды. 1941-1945 жылдары 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Олар Отан үшін, Сталин үшін ажал құшты. Біз бүгін мәңгілік алау жанында тұрып, сол жауынгерлерді, маршалдарды, генералдарды, соларға бас болған талантты ұйымдастырушы Сталинді еске алғымыз келеді. Ал қателіктер туралы айтқымыз келмейді, – деді ол.
Коммунистер акциясына наразылық білдірушілер аштықтан өлген млн-даған қазақтар, қуғын-сүргүнге ұшырағандар, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы туралы неге айтпайсыздар деп айқайлады. Олардың сөзінше, екі адамға бір мылтық беріп қойған Сталин жеңіске миллиондаған адамды құрбандыққа шалу арқылы жеткен.
Осы сәтте өзін қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері деп таныстырған адам акцияның заңсыз екенін, он күн бұрын жергілікті атқарушы органға жазбаша өтініш қалдырулары тиіс екенін айтып, акцияны тоқтату туралы ескерту жасады. Акцияны ұйымдастырушылар қатарында жүрген заңгер Абзал Құспан наразылықтарын тоқтатпайтынын, қажет болса ата-баба әруағы үшін 10-15 күн абақтыда отырып шығуға әзір екенін айтты. Сондай-ақ коммунистер акциясы туралы құзырлы органдарға хабарлағанын мәлім етті.
– "Осы жағдай болайын деп жатыр" деп біз ішкі саясат бөліміне, полиция қызметіне жаздық. Біреуі селт еткен жоқ. Біз күш қолданып жатырмыз ба, айқай шығарып жатырмыз ба, біреулердің құқын бұзып жатырмыз ба? Біз бар-жоғы сталинизмді дәріптеуге болмайтынын айтып жатырмыз. 31 мамыр ресми түрде Сталиннің құрбандарын еске алу күні деп танылған. Яғни сталинизмді дәріптеуге ешқандай жол жоқ екенін айтқым келеді. Енді келіп, ішкі саясат бөлімі бізге ғана ескерту жасауда, – дейді заңгер.
Видеоны түсіріп тұрған адам алаңға полиция қызметкерлерінің көптеп жиылғанын, Оралда алаңды аңдудан басқа полицияның жұмысы жоқ па, әлде Оралда полиция осылай қаптап жүретіндей қылмыс деңгейі жоғары ма деп таңданысын білдіруде.
Артынша, полиция алып кеткен азаматтың Нұрлан Сәдір атты оралдық белсенді екені анықталды. Бұл туралы журналист Сәуле Әбілдаханқызы өзінің facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Нұрлан Сәдірдің айтқаны делінген жазбада белсенді Сталинді ұлықтау шарасын өткізетіні туралы хабар естіген бойда оған алаңдаушылық білдіріп, Ішкі саясат басқармасына мән-жайды айтқаны, олардың жұмыс істеледі дегені, алайда одан нәтиже шықпағаны жазылған. Сондай-ақ белсенді алаңда Сталиннің портретін не үшін жұлып алғанын, ол үшін өзіне не болғанын айтқан.
"Сталинді қазақ халқына асқан жауыздықпен қиянат жасаған, геноцид ұйымдастырған адам деп есептеймін. Мемлекетіміздің позициясы да осындай деп ойлаймын, себебі, 31 мамырды "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні" деп мемлекетіміз заңмен бекіткен. Бұл ойдан құрастырылған, аспаннан алынған нәрсе емес, сондай азапты күндер, ауыр тарих, қанды репрессия қазақ халқының басынан өткені рас. Ол репрессия сталиннің кезінде болды. Сондықтан біздің мемлекетіміз де Сталинді геноцид жасаушы деп мойындайды деп білемін. Репрессия құрбандарына атаулы күн бергеннен кейін ол репрессияны ұйымдастырушы сталин екенін мемлекетіміздің мойындағаны.
Осыған орай, мен кеше активист ретінде мемлекеттік органдардан "сталинді ұлықтау шарасының алдын алуды, ондай акцияны өткізуге тыйым салуларын, тоқтатуларын" сұрадым. Ұсыныс жасадым десек те болады, талап еттім деуге де болады. Тіпті, полиция бөліміне барып ресми арыз жаздым. Осы акцияны ұйымдастырушыларға, бастама көтерушілерге шара қолдануды сұрадым. Шара қолданғанда, оларды қудалау емес, ең бастысы, сталинді ұлықтау шарасын болдырмау үшін шара қолдануды сұрап арыз жаздым.
Бүгін таңертең олар акция өткіземіз деген орынға - Оралдағы "Мәңгілік алау" стелласының алдындағы алаңға барып біраз қоғам белсенділері бақыладық. Сталинистер жиналды, оларға полиция ешқандай кедергі келтірген жоқ, тоқтатқан жоқ, таратқан жоқ. Тіпті олар колонна болып тізіліп, кеңестік қызыл туды желбіретіп, сталиннің портретін көтеріп, алаңға беттегенде де полиция тоқтатпай қарап тұрды. Сол кезде менің ішкі жандүнием алай-дүлей болып кетті. Сол кезде өзге түгіл өзім күтпеген әрекетке бардым, бір кемпірдің қолындағы гүлдестенің ішіндегі сталиннің портретін жұлып алдым. Апарып полицияға заттай айғақ ретінде тапсырғым келген.
Сол сәтте полицияның өздері жанұшыра жетіп келіп, менен портретті тартып алды. Мен айттым, "онсыз да сіздерге бермекшімін, бұл дейтін заттай айғақ ретінде тіркелу керек, сондықтан ешкімге бермеуіңіз керек" дедім. Сол кезде менің екі жағымнан екеуі, екі қолымнан ұстап алып кетті. Мен ешқандай қарсылық, дөрекі қимыл жасаған жоқпын, сонда да екі жағымнан қаумалап алып кетті. Кейін естуімше, сталиннің портретін қайтып бере салған. Мен оларға портретті кері қайтару үшін емес, айғақ ретінде тіркеп, олар заңға бағынбағанын, ішкі саясат әңгіме жүргізіп, тоқтатыңдар десе де, тоқтатпай акция өткізгенін дәлелдеп, шара қолдану үшін алған едім.
Мені полиция көлігінде біраз уақыт ұстап отырды. Сосын бөлімшеге апарамыз деді. Жолда бара жатып, не үшін келгенімді, алаңға не үшін шыққанымды сұрады. Мен айттым, "осындай акция өткізбекші, соны тоқтатыңыздар" деп кеше полицияға арыз жазғанымды айттым. Менің сол арызыма орай қандай әрекет жасайды, соны білу үшін келгенімді айттым. "Істеген іс-әрекетіме қандайда бір жауапкершілік туындайтын болса, бәрін көтеруге әзірмін" дедім. Содан кейін көп ұзамай адвокат Абзал Құспан келді. Сосын мені жіберді. Ешқандай дөрекі қимыл-әрекет болған жоқ. Лұқпан Ахмедьяров қолдау білдіріп Абай бөлімшесіне барыпты...
Сталинистердің қимылына құқықтық тұрғыда баға берілу керек деп ойлаймын. Себебі сталиннің кім екені, қазақ халқына қандай зардап шектіргені, қандай қиянат жасағаны тарихтан белгілі ғой. Сондай адамды Қазақстанда ұлықтауға қалай рұқсат беріліп отыр? Олар жай ғана еске алып, гүл шоғын қойып жатқан жоқ, кішігірім митингі өткізді. Алдын ала рұқсат та алмаған. Неге басқалар, біз сияқты белсенділерден бес адам бас қоса қалса, бірден осылай полиция көлігіне басып салып, бірден полиция бөліміне апарып, түсініктеме жаздырады. 10-15 тәулікке қамап тастайды. Ал олар митингі де өткізіп жатыр, қазақтың жауы сталинге гүл шоғын да қойып жатыр, жиылып өз идеологияларын сапырып, қазақ жастарының ашуын туғызып тұр... Неге оларға ешқандай кедергі жоқ, оларға неге тосқауыл қоймайды? Неге олар жауапқа тартылмайды? Неге өзге саяси немесе қоғамдық топтар осындай шара өткіземіз десе, оларға міндетті түрде тежеу шараларынан бастап, қудалап, қамауға дейін барады? Сонда біздің елде заң әр топқа, әр ұлтқа арнап әртүрлі жазылған ба???.." деп жазылған Нұрлан Сәдірдің айтқаны делінген жазбада.
Пікір қалдыру