25 желтоқсанда Қостанай қаласы №2 сотында "Тұлпар-Тальго пойызында жолаушыны зорлады" деп айыпталған екі жолсерікке үкім шығарылды. Судья шығарған үкімге сәйкес, олардың әрқайсысы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.
Айыпталушы Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязов Қылмыстық кодекстің 120-бабы ("Зорлау") бойынша кінәлі деп танылған. Шығарылған сот үкіміне сәйкес, жолсеріктердің жазасы алғашқы соттың үкімі шыққаннан бастап, яғни 26 шілдеден есептеледі.
Шілдеде Қостанай облыстық сотының судьясы Оразбай Сатыбалды Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязовты екі жарым және екі жыл үш айға соттаған. Ол кезде судья шешіміне айыпталушы тарап та, жәбірленуші тарап та келіспей, Қостанай облыстық сотына апелациялық шағым түсірген еді. Қоғамда да сот шешіміне наразылық күшейгендіктен, тамызда Қостанай облыстық соты үкімді жойып, істі қайта тергеуге жіберген.
Бұл оқиға 2018 жылы 26 қыркүйекте болған. Тергеу орындарының құжатына сәйкес, Нұр-Сұлтаннан Ақтөбеге бару үшін "Тұлпар-Тальго" пойызына мінген жолаушыны түнде купеге өз кілттерімен кірген жолсеріктер зорлаған. Кейін жәбірленуші "НеМолчиKZ" қоғамдық қорынан көмек сұраған. Қор жетекшісі Дина Смаилова бұл оқиға жайлы өзінің Facebook-таағы парақшасына жариялағаннан кейін қоғамда шу туа бастады.
Пікір қалдыру